×
493.85
519.04
4.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
493.85
519.04
4.97

Ұлттық валюта күні: 1993 жылдан бері 100 есе құнсызданған теңге тарихы

Бүгін, 08:33
Ұлттық валюта күні: 1993 жылдан бері 100 есе құнсызданған теңге тарихы
Ulysmedia коллажы

Бүгін Қазақстанның төл ақшасы – теңгенің қолданысқа енгізілгеніне 31 жыл болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕҢГЕ ТАРИХЫ ҚАЙ УАҚЫТТАН БАСТАЛАДЫ

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі жыл бойы рубль аясында болды. Алайда рубль қатты құнсызданып, “сабан ақша” атанып кеткен. Бір чемодан ақшаға бір қап ұн сатып ала алмайтындай дәрежеге түсті. Рубль аясында қала берудің мәні, қажеттігі жоқтығын түсінген Қазақстан билігі төл теңгені қолданысқа енгізді. Теңге тарихы елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасы­ның ұлттық ва­­лю­­та­сын енгізу туралы» заңынан бастау алады. Арада үш күн­ өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-сат­тық жасау құралы ретінде төл теңге қол­да­нысқа енді.

Ескі үлгідегі ақ­­ша­лар­ды Қазақстанның жаңа теңгесіне айыр­бастау 20 қараша күні аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Ұлттық валютаның дайындалуы аса құпия түрде болған.

ТЕҢГЕНІҢ ДИЗАЙНЫН КІМДЕР ӘЗІРЛЕДІ

1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Осы топқа кiрген Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын әзiрлеуге кiрiстi. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды.

Алғашқы тең­ге­­нi «Harrison&sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Қазақтардың төл теңге­ні қағазға ба­сып беру тура­лы тапсырысы­ компа­нияның әлем­дік­ дең­гейде атын шы­ғаруға себеп болды. Теңгенің арқа­сын­да аталмыш компания Ұлыбритания ханымының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды. Жер шарына атын шығарған теңгеге құрмет ретінде ағылшын компаниясының бас ғимаратында теңгенің суреті салынған тақта ілінді. Содан айналымға енгізілген қағаз ақша түріндегі тиындар уақыт өте келе темір ақшаға айырбасталса, арада көп ұзамай, ұсақ ақшалар түгел темірге көшірілді.

ЛОНДОННАН ЖЕТКЕН ВАЛЮТА

Ұлттық валюта айналымға енгізілгенше ағылшындар мен Қазақ елінде болып жатқан оқиға туралы көп адам білмеген. Лондоннан жеткізілгеннен кейін теңге 8 күннің ішінде еліміздегі барлық банкке түгел таратылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. Бұл 1995 жылдың мамыр айы еді. Тұңғыш банкнот фабрикасын­ Назарбаевтың өзі барып ашты.

Теңге туралы ой толғаған Елбасы кейінірек ақшаны дайындау барысында түрлі жайт болғанын айтты. Күллі қазақтың мақтанышына айналған тұңғыш теңге­нің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтаулы.

АЛҒАШҚЫ ТЕҢГЕ

Ол­­ар­да­ әл-Фа­ра­би, Сүйін­­бай, Құр­­­манғазы, Шо­­қан, Абай жә­не Әбіл­хайыр мен Абы­лай хан­дар­дың су­реті болған. 90-шы жылдары біздің теңге дизайны жағынан ТМД-дағы ең көрікті ақша болып танылды. Майда ақша­ларымыз да бар. Алғашқысы қағазға басылса, кейінгісі темірден түйілді.

Алайда ол майда ақша кейіннен айналымнан шығып қалды. Теңгенің де кескіні өзгерді. 3 теңгелік номинал жоғалды. 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақшамыз темір теңгеге айналды. Ал, құны 200, 500 және 1000 теңгелік ақшаларда әл-Фараби бабамыз ғана бейнеленді.

Арада бір мүшел өткенде, яғни, 2006 жылы теңге өзгеріске ұшырады. Ондағы суреттер алынып тасталып, яғни, қорғанышын бекіте түсті. Себебі, жасанды ақшада қара дақтар пайда болатындықтан, ақшаның көшірмесін жасауға құштар алаяқтардың арманы іске аспайтыны белгілі. Содан кейін 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноттар да пайда болды. Бұл теңгелер де дизайнымен көзге түсіп, талай халықаралық байқау­­да жеңімпаз атанды.

Кейінгі жылдары теңгенің бейнесі тағы өзгеріске ұшырап жатыр.

Жаңа банкноттардың алдыңғы беті қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген. Қазақ халқы кие тұтатын аң-құстар бейнеленген. 

Алдағы үш жылда ескі ақшаларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» филиалдарында «Сақ стилі» сериясының жаңа банкноталарына ауыстыру қажет болады. Одан кейін, ескі күртеңіздің қалтасынан ұмыт қалған «қазына» тауып алсаңыз да, ақшаны кез келген уақытта, тіпті 50 жылдан кейін де Ұлттық банк филиалдарына апарып айырбастап алуға болады.

1993 жылы алғаш қолданысқа енгізілген кезде бір доллар 4,7 теңге болған. Қазір 500 теңгеге таяп қалды.