Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың мүгедектігі бар тұлғаларға зейнет жасқа жеткенде де жәрдемақысын тоқтатпай қоса берілуінің жүйесін қалыптастыру туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕП ЕДІ
Депутаттар “еңбек өтілі 1998 жылдан бастап жұмыс істеген мүгедек азаматтарға, зейнетке шыққанда тек зейнет ақы қорында жиналған қаражат қана бөлініп беріледі, ал ол қорға қаражат аудармайтын мүгедек жан ештеңесіз қалады деген сөз” деп мәселе көтерген.
Олар мүгедектігі бар тұлғалардың жәрдемақысы өздігінен зейнетақы қорына ақша аударуға жетпейтінін айтып, “әлеуметтік кодекске өзгертулер енгізу арқылы осы жәрдемақымен зейнетақыны қоса беру керек, ондай болмаған жағдайда еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту қажет” деген ұсыныс білдірген.
ДҮЙСЕНОВА НЕ ДЕДІ
Вице-премьердің айтуынша, әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оған жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, зейнетақы тағайындалады (еңбек өтіліне, алған жалақының мөлшеріне қарай).
“Егер де тағайындалатын зейнетақы бұрын алған жәрдемақыдан (тиісті санаттары үшін) аз болса, онда жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі (қосымша ақылар арқылы). Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнеткерлік жасқа толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса (құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақының мөлшері сақталады” дейді Дүйсенова.
2025 жылы жәрдемақы мөлшері жалпы ауруы бойынша I топ үшін 101 702 теңге, II топ – 81 362 теңге, III топ – 55 474 теңге, мүгедектігі бала кезінен болса I топ үшін 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ – 74 428 теңгені құрайды.
“Бұл нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Осыған орай, бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақыны алу бюджетке айтарлықтай ауыртпашылық түсіретінін ескере отырып, қазіргі уақытта аталған мәселені қарастыру жоспарда жоқ екенін хабарлаймыз” деді ол.
ҚОСЫМША КӨМЕК
Премьер-министрің орынбасары мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдары (кресло-арба, протездік бұйымдар, ноутбуктар, есту аппараттары, ұялы телефондар және т.б.) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға берілетінін атап өтті.