15 қарашада Абхазияда наразылық шерулері күшейіп, шерушілер парламент ғимаратына басып кірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕБІ
Нужная Газета басылымының жазуынша, ел астанасы Сухумиде жиналған наразылық білдірушілер Ресеймен жасалған жаңа инвестициялық келісімге наразы. Олар металл қоршауларды бұзып, парламент аумағына енді. Шерушілер қақтығыс кезінде полиция қызметкерлерін таспен, таяқпен атқылаған. Бастапқыда құқық қорғау органдары оларды ғимараттың кіреберісінде ұстап тұрған. Алайда келіссөздер ұзаққа созылып кеткеннен кейін наразылық білдірушілер терезе торларын сындырып, парламент ғимаратына кірген.
Ресеймен жасалған келісім-шартқа қарсы шыққан тұрғындар оны елдің мүдделеріне қайшы деп санайды. Жергілікті парламент отырысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанымен, наразылық білдірушілер үкімет ғимаратын қоршауға алды.
ПОЛИЦИЯ ӘРЕКЕТІ
Құқық қорғау органдары наразылық білдірушілерге кедергі жасамай, акцияға қосылған азаматтардың саны артта түсті. Шерушілермен келіссөз жүргізу үшін наразы халыққа Абхазия ІІМ басшысы мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі келді.
Парламент спикері Лаша Ашуба және оның орынбасары Астамур Аршба ғимараттан артқы есік арқылы шығып кеткен. Президент Аслан Бжания да парламентті тастап кеткені хабарланды.
ШЕРУШІЛЕР ҰСТАНЫМЫ
Наразылық білдірушілердің айтуынша, олардың әрекеттері Ресей-Абхазия серіктестігіне қарсы бағытталмаған. Олар стратегиялық әріптестікті қолдай отырып, президент Бжанияның бұл қарым-қатынасты жеке мүддесіне пайдалануына қарсы.
Оппозиция бұл жағдай әділеттілік пен ұлттық мүдделерді қорғау мәселелерінде абхаз қоғамының бірлігін көсетті деп санайды.
АЛДЫҢҒЫ ОҚИҒАЛАР
Наразылықтар 11 қарашада Сухумиде басталған. Шерушілер Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ғимаратының алдында жиналып, қамауға алынған оппозиция өкілдерін босатуды талап етті. Артынша, наразылық білдірушілер мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыстар болып, шерушілер негізгі жолдарды жауып, қаладан шығатын үш көпірді бөгеген. Кейін билікпен келіссөздерден кейін бір көпір уақытша ашылғанымен, көп ұзамай қайта жабылды.
АБХАЗИЯ
Абхазия – Кавказ аймағында орналасқан ел. Ол Қара теңіздің шығыс жағалауында, Грузияның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Абхазияның құқықтық мәртебесі даулы болып саналады. Халықаралық қауымдастықтың көпшілігі оны Грузияның бір бөлігі деп санайды, бірақ Абхазия өзін 1992-1993 жылдардағы соғыстан кейін тәуелсіз республика деп жариялаған. 2008 жылы Ресей Абхазияның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады, содан бері оны бірнеше басқа елдер де мойындады. Дегенмен, Абхазияның тәуелсіздігін Қазақстан және көптеген халықаралық мемлекеттер мойындаған жоқ, олар оны Грузияның аумақтық тұтастығының бөлігі ретінде қарастырады.