Қазақстанда соңғы 15 жылда қарулы күштерге тиесілі Ми-8 және олардың модификацияланған тікұшақтары 3 рет апатқа ұшырап, салдарынан 18 адам қаза тапқан. Соңғы – 9 қарашада болған апат бір адамды өмірінен айырды. Оның алдында 2019 жылы 13 әскери, 2012 жылы 4 әскери бейбіт күнде опат болған. Осы ретте Ulysmedia.kz редакциясы қорғаныс министрлігіне ведомствоға тиесілі тікұшақтардың орташа жасы, апаттан келетін шығын, әуе қорғанысын күшейту жоспары туралы сұрап, арнайы сауал жолдаған.
ТІКҰШАҚТАРДЫҢ ОРТАША ЖАСЫ
Министрдің орынбасары генерал-майор Шейх Хасан Жазықбаевтың мәліметінше, Ми-8 үлгісіндегі ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары 1986-2019 жылдар аралығында жасалған. Олардың орташа есеппен алғандағы жасы – 22 жыл 9 ай.
ТІКҰШАҚ АПАТЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ
Ulysmedia.kz-тің “Бір тікұшақ апатынан экономикаға қанша шығын келеді, олардың нарықтық құны қаншаға бағаланады” деген сауалына министрлік “әуе кемесін жоғалту кезіндегі шығындар оның оқиға кезіндегі қалған құнына байланысты” деп қысқа қайырды.
Шын мәнінде тік ұшақ апатының нақты шығынын есептеу күрделі зерттеуді қажет етеді әр ол арнайы мамандарға ғана қолжетімді ақпараттар негізінде жүзеге асуы мүмкін.
Десе де, ашық дереккөздердегі ақпараттарға қарап, апаттың экономикалық салдары миллион доллардан асып кетуі мүмкін деп тұжырымдауға негіз бар. Тікұшақтың бағасы оның жылына, модификациясына, жағдайына, жабдықталуына және сатып алу шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін. Әдетте жаңа Ми-8 тікұшақтардың бағасы 5-15 миллион доллар аралығында болады. Біздегі тікұшақтарың орташа жасы 23 жасқа таяп қалғанын ескерсек, оның нарықтық құны бұдан әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Егер тікұшақ апаттан толықтай зақымданса, оны қалпына келтіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ал кейбір бөліктері зақымданса, жөндеу жұмыстары жүздеген мың немесе миллиондаған долларға түсуі ықтимал.
Адам шығыны
Ұшқыш көшеде шашылып жатқан, алмастыру оңай мамандық емес. Оны дайындауға бірнеше жыл, әуе кемесімен аспанға көтерілген әр дайындық үшін қыруар қыржы жұмсалады. Мәселен, былтыр отандық ұшқыштарды дайындайтын Талғат Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтын 31 лейтенант ұшқыш мамандығы бойынша тәмәмдаған. Оның ішінде институт түлектері ұшақ түрлеріне қарай бөлінетінін ескерсек, жылына тікұшақ басқаруды меңгерген оншақты ғана маман қатарға қосылады деген сөз. Сондықтан әр ұшқыш – мемлекет үшін алтындай қымбат кадр.
ӘУЕ КҮШТЕРІН ЖАҢАЛАУ
Тікұшақ қымбат әскери техника болғандықтан, отандық қорғаныс саласында оны жылда жаңалауға шама жоқ. Қорғаныс күштері соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын яғни 2020 жылы Ми-35М тікұшақтарымен толықтырылған. Министрлік олардың нақты санын атамады.
Ал “алдағы уақытта Қорғаныс министрлігіне жаңа тікұшақтар сатып алу жоспарда бар ма” деген сауалымызға “тікұшақ паркін жаңарту қарастыруда” деген жалпылама жауап алдық. Тек биыл Испаниядан бір ауыр А400м ұшағы жеткізіледі деп күтіліп отырғанын нақтылады.
Одан бөлек министрлік әуе қорғанысы саласын күшейту мақсатында Ресейден, ТОР-М2 және Бук-М2Э зениттік зымыран кешендерін, Беларусьте өндірген “”Роса-Р”» РЛК радиолокациялық кешенін, Қазақстан мен Франция бірлескен өндірген GM-403 “Нұр” радиолокациялық станциясын алғанын атап өтті. Алайда бұл әскери құралдар алды үш, арты бес жыл бұрын сатып алынған.