Ақтөбеде бесінші сыныпта оқитын екі оқушы көлік ұрлап, жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде көшелердің бірінде көліктің электр бағанасына соғылып, сымдардан ұшқын шығып жатқаны туралы видео тарады. Оқиға орнына полицейлер келді.
«10 жасар бала көлікті ұрлап қашып, оны бағанаға соғып алған», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті оқиғаның 15 қараша күні сағат 20:00-де Можайский көшесінде болғанын айтты. Осы көшеде тұратын Renault Sandero көлігінің жүргізушісі оталдыру кілтін көлікте қалдырып, кетіп қалған. Осыны пайдаланған мектеп оқушылары көлікті ұрлап кеткенімен, бағанаға соғылып, ұзаққа бара алмады.
«Балалар полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы «Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иемдену» бойынша іс қозғалды. Ұлдар ата-анасына тапсырылды», деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.