Дүйсенбіде Швецияның миллиондаған тұрғыны ел үкіметінен әскери қақтығыс жағдайында не істеу керектігі жайлы брошюра алды. Мұндай нұсқаулықты Финляндия, Норвегия және Дания үкіметтері де дайындады. Бұл Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық артқанынан туындаған қадам, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШВЕЦИЯ
ВВС орыс қызметінің мәліметінше, Швецияда таратылған брошюра "Егер соғыс немесе дағдарыс басталса" деп аталады. Оның алғашқы нұсқасы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жарық көрген және содан бері үнемі жаңартылып келген. Соңғы жаңарту барысында оның көлемі екі есеге артты.
Брошюрада егер елге шабуыл жасалса, әрбір азамат Швецияның тәуелсіздігі мен демократиясын қорғауға қатысуыға тиістігі айтылады.
"Швеция ешқашан берілмейді. Қарсылықты тоқтату туралы ақпарат шындыққа сай емес” делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда үш күнге жететін ауыз су мен азық-түлік қорын дайындау ұсынылады. Оның ішінде картоп, қырыққабат, сәбіз, жұмыртқа және ұзақ сақталатын тағамдар бар.
Швеция Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін ұзақ уақыттық бейтараптықтан бас тартып, НАТО-ға қосылған.
ФИНЛЯНДИЯ
Финляндияда қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. Бұл елде 1939-1940 жылдардағы Кеңес-Фин соғысының тәжірибесі және Ресеймен ортақ ұзақ шекара бар. Финляндия халқы соғыс мүмкіндігіне әрдайым дайындық жасап келді.
Швед Қорғаныс академиясының профессоры Илмари Каихко Финляндия үшін соғыс қаупі әрдайым бар екенін, ал Швеция тұрғындарын бұл қауіпке ояту қажет болатынын атап өтті.
НОРВЕГИЯ
Норвегия үкіметі де өз азаматтарына брошюра таратып, соғыс, төтенше ауа райы немесе басқа қауіптерге дайын болу керектігін айтты. Тұрғындарға апталық азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын жинау ұсынылды, оның ішінде радиация қаупіне қарсы йод таблеткалары бар.
"2,2 миллион брошюра таратылды. Әрбір үй шаруашылығы оны алады” деді Норвегия азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Торе Камфьорд.
Бұл шаралар климаттың өзгеруі, су тасқыны және көшкін сияқты төтенше жағдайлар қаупінің артуына байланысты қабылданған.
Кеше Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 1000 күн болғанда АҚШ, Франция мен Британия алыс қашықтыққа жететін қаруларымен Ресейдің ішкері жағына соққы жасауға рұхсат берген.