Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Мейірімді періште» жекеменшік гимназиясының мұғалімдері жарты 6 айдан астам уақыт еңбекақыларын ала алмай келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, мектеп басшылығы банкроттық сатысында болғандықтан, мұғалімдерге алты айдан астам уақыт жалақы төлемеген.
“Мектеп басшылығы 56 мұғалімге жалпы сомасы 40 млн теңге қарыз болып қалған. Атқарушылық өндірістер жүргізілгеніне қарамастан, қызметкерлер алдындағы міндеттемелер орындалмаған” делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның араласуының нәтижесінде борышкердің жылжымайтын мүліктері анықталып, сатылымға шығарылған.
Содан түскен қаражат қарыздарды өтеуге бағытталып, педагогтардың еңбек құқықтары толық көлемде қалпына келтірілген.