Германия үкіметі құпия "Германия жедел жоспарын" әзірледі. Ол бойынша елдің қарулы күштері Ресеймен соғыс жағдайында ірі бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоспар шамамен 1000 беттен тұрады. Жанжал туындаған жағдайда қорғалатын инфрақұрылым нысандарын, сондай-ақ жағдай шиеленіссе, компаниялар қабылдауы керек әрекеттерді сипаттайды, деп жазады DW.
Әскерилер Германиядағы, мысалы, Гамбургтегі кәсіпкерлермен кездесулер өткізеді. Онда олар өзендердің жабылуы, теміржол желілеріне шабуыл жасау немесе электр қуатының жетіспеушілігі сияқты төтенше жағдайларға дайындықтың маңыздылығын талқылайды. Ұсыныстардың ішінде жүк көліктері үшін қосымша жүргізушілерді дайындау, дизельді генераторлар мен жел турбиналары арқылы автономияны қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар жоспарларын құру амалдары бар.
Бундесвер Ресей қазірдің өзінде соғысқа дайындалып жатқанын, алдағы жылдары батысқа қарай жылжуға дайын болады деп сендіреді.
Германияның жедел жоспары әлі аяқталған жоқ әрі азаматтық құрылымдармен, армиямен жаттығулардан кейін толықтырылады.
17 қарашада Берлиннің орталығында ресейлік оппозиционерлер ұйымдастырған соғысқа қарсы шеру өтті. Акцияға қатысушылар Украинадағы соғысты тоқтату, Владимир Путиннің отставкаға кетуі және саяси тұтқындарды босату туралы талаптарды қойды.
СОҒЫС
Ресей әскері 2024 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кірген болатын. Соғыс әлі жалғасып жатыр.
БҰҰ, Amnesty International және Human Rights Watch халықаралық гуманитарлық ұйымдарының хабарлауынша, Ресей әскерлері Украинаның тұрғын аудандарына, ауруханаларына және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына зымырандармен соққылар жасаған. Соғыс ірі көші-қон дағдарысын туғызды. БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинадан 7,86 миллион босқын ретінде кеткен (2022 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша), ал тағы 8 миллионға жуық адам ішкі қоныс аударған. Бірқатар журналистер шапқыншылықты Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Еуропадағы ең үлкен әскери қақтығыс деп атайды. Ресейдің әрекеттерін әлемнің көптеген мемлекеттері мен ықпалды халықаралық ұйымдары қатты айыптады.
Соғыс Ресейде және әлемде соғысқа қарсы наразылықтарға, ресейлік БАҚ-та цензураға АҚШ, Еуропалық одақ және басқа елдердің Ресейге қарсы жаңа санкцияларына, соның ішінде елді әлемдік экономикадан ішінара оқшаулауға, Ресейдің бірқатар спорттық және басқа да халықаралық іс-шараларға қатысуын шектеуге әкелді, сондай-ақ Ресей үшін ауыр экономикалық салдары болды. Украинада соғыс экономиканың құлдырауына, әуе және теңіз көлігінің жұмысын тоқтатуға және басқа да бірқатар жағымсыз салдарға апарып соқты. Украинаның қоршаған ортасына және Украинаның мәдени мұрасына үлкен зиян келтірілді. Әлемдік ауқымда шапқыншылық және онымен байланысты Санкциялар халықаралық сауданың төмендеуіне және азық-түлік пен энергия бағасының күрт өсуіне соқтырды. Екі жақтан да адам шығыны көп.