×
497.26
525.21
4.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
497.26
525.21
4.97

«Іс қолға алынғанша Жайықтың жағасында отырам»: Атырауда ұлынан айырылған ана зарын жеткізді

Бүгін, 15:48
«Іс қолға алынғанша Жайықтың жағасында отырам»: Атырауда ұлынан айырылған ана зарын жеткізді
Ulysmedia коллажы

“Ұлымды суға батырып өлтірді” деген атыраулық ана Анаргүл Қасантаева тергеу бір орыннан жылжымай жатқанын айтып, тағы да желіде үндеу жолдады. Ол бұл жолы Жайықтың жағасына барып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

ҮШІНШІ ТЕРГЕУШІ АУЫСТЫ

Анаргүл Қасантаеваның жанында полиция қызметкерлері жүргені байқалады.

– Бұл іс қолға алынбаса, Жайықтың жағасынан кетпей, осы жерде отырамын. Балалардың сегізі де қамауға алынсын! Былай да, былай да айттым. Іс дұрыс жүріп жатқан жоқ. Екі тергеуші ауысты. Екеуі де дұрыс тергеген жоқ. Бір тергеуші оларға “Жәке, балаңды жібересің бе, жауап алу керек болып тұр” дейді. Сонда тергеушілерге бәрі Бәке, Сәке болып кетті ме? Үшінші тергеуші тағайындалды. Оның бет-жүзін көрген жоқпын. Менен дұрыс жауап алған жоқ. Іс қалай жүріп жатқанын білмеймін! Жалғыз балам жер астында жатыр. Мен осында отырамын, – дейді марқұмның анасы.

Анаргүл Қасантаева бұған дейін де оқиға болған 21 тамыздан бері осы уақытқа дейін екі тергеуші ауысып, іске үшінші тергеуші тағайылғанын жеткізген еді. Алайда іс сонда да бір орында тұр деген. Бұған дейін Анаргүл ұлы Мерланды өлтірді делінген күдікті – жоғары сынып оқушысы сабаққа барып, концерт тамашалап, бостандықта жүр деген еді.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН

Оқиға 21 тамыз күні Атырау қаласының маңында болған. 7-сынып оқушысы Мерлан сыныптастарына баратынын айтып үйден шығып кеткен. Ұлынан көпке дейін хабар болмаған соң анасы 16 жастағы қызын ертіп Мерланды іздеуге шыққан. Жолай кезіккен ұлының таныстарынан “Мерлен суға кетті” дегенді естиді. Солардың бірін ертіп оқиға орны Жайық өзенінің жағасына барғанда баласының киімдерін ғана тапқан. Оқушының мүрдесі тек 4 күннен кейін табылған.

Аталған дерек бойынша іс қозғалып тергеу басталған. Алайда Анаргүл Қасантаева іс аясында ешкім ұсталмады, күдікті делінген жоғары сынып оқушысы бостандықта жүр дейді. Бірде директордың кабинетінде күдікті баланың ата-анасы Анаргүл Қасантаевамен кездесіп, баласына кешірім беруін өтінген. Алайда азалы ана кінәлі адам тиісті жазасын алуы керек деп кешірім бермеген. Енді тергеу сағызша созылып, кінәлі тарап жазадан жалтарып кете ме деп қауіптенеді.

Атырау қаласының полиция департаменті 8 қазан күні Stan.kz порталына білдірген пікірде “іс тергеліп жатыр. Тергеу ол бір күнде бітетін іс емес. Жәбірленуші тарапты түсінеміз. Сол үшін де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жан-жақты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл кісі генералдың да қабылдауында болды. Құқықтық кеңес берілді. Жергілікті полиция басшылығы бақылауға алып, тұрғынның жағдайын тексеріп тұрады” деп жауап қатқан.