Сенат депутаты Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы шартты іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша шығындар қажет болатынын мәлімдеді. Бұл бағытта 2025-2027 жылдарға арналған бюджет шығыстарының жалпы сомасы 131 064 000 теңгені құрайды. Бұл шығындар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен мақұлданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОНША ЖҰМСАУДЫҢ ҚАЖЕТІ НЕ
Андрей Лукиннің айтуынша, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан достық, тату көршілік, ұлтаралық келісім, сенім және өзара түсіністік қағидаттары негізінде орыс тілін мемлекетаралық қарым-қатынас тілі және коммуникация құралы ретінде қолдау және ілгерілету үшін орыс тілі ұйымын құрғысы келеді.
ОҒАН КІМ ЖАУАПТЫ
Жауапты мемлекеттік орган болып Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітілген. 20 қарашада мәжілісте министр Саясат Нұрбек ұйымды құру үшін бюджеттен жылына 43 млн теңге бөлінетінін айқан еді.
– Қаржыландыру мүшелік жарналар есебінен болады. Ал ұйымның жалпы бюджетінің 8,6% Қазақстанға бекітілген. Бұл шамамен 43 млн теңге. Ұйымның штаб-пәтері Ресейде – Сочиде болады, - деді министр.
Сенатор ТМД елдерімен түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде ғылым, білім, халықаралық қатынастар, экономика және сауда бойынша ынтымақтастықты ескере отырып, "халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы шартты ратификациялау туралы" заңды мақұлдауға шақырды.
МӘЖІЛІС МАҚҰЛДАҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ
Мәжіліс орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру шартын ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдаған еді. Аталған келісімшартқа Бішкекте қол қойылған. Ол орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құруды қарастырады. Жаңа ұйым – халықаралық құқық субъектісіне ие болатын үкіметаралық ұйым болады. “Орыс тілін мемлекетаралық байланыс және коммуникация құралы ретінде ілгерілету қарастырылады. Комитет қорытынды әзірлеуге дайын” дейді Айгүл Құспан.
Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, ұйымның мақсаты – орыс тілінің қолданысын дүние жүзінде ілгерілету. Заң жобасы төменгі палатада біршама талқыланды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда орыс тілінің тағдырына алаңдайтын негіз жоқ деп есептейтінін айтты. “Бұл халықаралық қордың құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе” деген Бапи заң жобасын “Тоқаевтың дипломатиялық саясаты” ретінде қолдайтынын айтады. “Теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін басқа балама қадам жоқ деп түсіну керек" дейді ол.
Ал Айдос Сарым келісімнің мақсаты – ағылшын тілін асқақтататын Британ кеңесі, қытай тілін ілгерілетінін Конфуций институты, француз тілін ілгерілетінін Франкофония одағы сияқты жаңа халықаралық ұйым құру деп атады.
ҰЙЫМ ЖАЙЛЫ
Былтыр қазанда Қазақстан атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімге қол қойған. Содан кейін шыққан Үкімет қаулысы жобасында "орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімді бекіту туралы" заң жобасы Парламент мәжілісі қарауына енгізілетіні хабарланған еді.
2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құру идеясын ұсынған. Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевтың идеясы "Ресей оны қолдамай тұра алмайды" деді. Тоқаев 2023 жылғы Бішкектегі ТМД жетекшілері саммитінде орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімге қол қоюды "тарихи шешім" деп атаған болатын.