Қазақстандағы уақыт белдеуіне байланысты сауалнама шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Сауалнама eGov Mobile қосымшасының “Хабарламалар”, “Сауалнамалар” бөлімінде қожетімді.
“Хронометрика: күнделікті уақтты ұтымды пайдалану” деп аталатын сауалнама төмендегідей 5 сұрақ тұрады:
СҰРАҚТАР
1. Бір күндік жоспарыңызда Сізге уақыт көп жағдайда не нәрсеге жетпей қалады?
2. Тәулік ішінде қай уақыт Сіз үшін ең қолайлы, өнімді? *
3. Сіз тұратын жердегі қызмет көрсету орындарының (тамақтану орындары, спорт орталықтары т.б.) қызметін қалыптасқан кестеден ертерек бастау идеясына қалай қарайсыз? Бұл Сіз үшін күндік жоспар құруға ыңғайлы бола ма?
4. Қазіргі қолданыстағы уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай?5. Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?.
Кей сұрақтарда 6, кейбірінде 3 жауап нқсқасы бар. Сауалнаманың мерзімі көрсетілмеген.
ЗЕРТТЕУ
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуі ауысымының қазақстандықтарға әсерін зерттеуге үш жылға бюджеттен 160 млн теңге жұмсалатынын айтқан.
Ол әзірге зерттеудің егжей-тегжейі белгісіз екенін атап өтіп, оған физиология институты мен география институты сияқты бірнеше институттар қатысуы мүмкін екенін, сауалнамалар арқылы емес, басқа әдістерді қолдану арқылы мәселе жан-жақты зерттелуі ықтимал екенін жеткізген.
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.
Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.