Ресейдің Волгоград соты Никита Журавельді мемлекетке опасыздық жасады деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Істі қарау жабық режимде өтті, ал оның материалдары құпияланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ВВС-дің орыс қызметіне сілтеме жасап.
Волгоградтық V1 басылымының хабарлауынша, сот үкімін жариялау кезінде журналистерге көптеген шектеу қоя отырып, процеске қатысуға рұқсат берілген.
«Қылмыстардың жиынтығы бойынша оған қатаң режимдегі түзеу колониясында 14 жыл бас бостандығынан айыру және одан кейін бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деп хабарлады Волгоград соттарының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Журавельде Құранды өртегені үшін кесілген жаза мерзімі де бар.
Мемлекет тағайындаған адвокат сот үкімін түсіндіруден бас тартты.
Тергеу деректеріне сәйкес, Журавель мессенджер арқылы Украина Қауіпсіздік қызметінің қызметкерімен байланысқа шығып, 2023 жылдың наурыз айында оған Ресей әскери техникасын, соның ішінде ұшақтарды тасымалдаған пойыз құрамы туралы видео, сондай-ақ бір әскери бөлімнің көлік қозғалысы туралы мәліметтерді жіберген.
Прокуратураның мәлімдеуінше, Журавель өз кінәсін толық мойындаған.
2023 жылдың ақпанында Журавель діни сенімдерді қорлау және діни өшпенділік негізінде бұзақылық жасау баптары (РФ ҚК 148-бабының 2-бөлігі және 213-бабының 2-бөлігі) бойынша 3,5 жылға сотталған болатын. Бұл айып оған Волгоградта Құранды өртеу оқиғасы үшін тағылған, оны «Украина Қауіпсіздік қызметінің тапсырмасы бойынша» жасағаны айтылды.
Ресейдің Тергеу комитетінің ұсынысы бойынша және Ресей президенті Владимир Путиннің жария мақұлдауынан кейін Журавель Чешен Республикасына сотқа беріледі. Чешенстанға оның еш қатысы болмағанына қарамастан, бұл іс осылай шешілді.
ГРОЗНЫЙДАҒЫ ОҚИҒА
Грозный қаласындағы тергеу изоляторында Журавельге Рамзан Қадыровтың 15 жастағы ұлы Адам барып, оны ұрғаны түсірілген видео жарияланды. Чешенстан басшысы бұл әрекетке мақтаныш білдіріп, өз ұлының қылығын қолдады.
2024 жылдың қазанында Журавельге қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Ол сот үшін Чешенстаннан Волгоградқа жеткізілді.