×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

«Аltyn Samǵaý-2021»: Бибосынов пен оның бапкері Айтжанов үздік атанды

13.12.2021, 09:20
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылап, «Аltyn Samǵaý-2021» ұлттық жүлдесі табысталды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымдарында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалып, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден Токио-2020 олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегері атанып отыр. 

«Мені үздік спортшы деп танығаны үшін өте бақыттымын. Алайда, біздің спортшыларды түгел жеңімпаз деп есептеймін. Соңғы екі жыл барлығымыз үшін қиын болғаны жасырын емес. Жарыстар кейінге шегеріліп, тіпті, мүлде өтпей қалды. Айлар бойы жаттығу жасаудың өзі мұң болды. Сондықтан, бүгін чемпиондар мен спортшылар бас қосқан жиынға қатысу үшін үлкен абырой. 

Мұндай байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. Ұлттық спорттық жүлде барлық олимпиада чемпиондары мен спорт ардагерлерінің басын қосатын бірден-бір жиын. Солармен бір қатарда тұру мен үшін үлкен мәртебе. Маған дауыс берген әрбір адамға алғыс айтамын. Біздің туымыз әлемдік жарыстарда көкке көтерілуі үшін мен әрі қарай еңбектенемін», - дейді Сәкен Бибосынов.

Үздік жаттықтырушы атағына Мырзағали Айтжанов (бокстан Қазақстан командасының аға бапкері және Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері) жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды. 

«Жылдың үздік командасы» атағын футзалдан Қазақстан құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. «Жыл жаңалығы» аталымында Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Ол әлем чемпионатындағы командалық сында да қола жеңіп алған.

Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшы атағы пауэрлифтингтен Токио-2020 паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяровқа берілді. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы атағына парадзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – «Қазақстан спортының мақтанышы» отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге табысталады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты қазақ балуанының ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорттық кешенді басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды.

Серіктес жаңалықтары