Германия билігі халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты елде бункерлер желісін құру жоспарын әзірлей бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы германиялық БАҚ ақпарат таратты.
“Германия қажет болған жағдайда бомбадан қорғану бункері ретінде жабдықталуы мүмкін мемлекеттік және жеке ғимараттардың тізімін дайындап жатыр”, деп хабарлады елдің ішкі істер министрлігі.
Тізімге сонымен қатар автотұрақтар, жерасты теміржол вокзалдары, мемлекеттік ғимараттар мен жеке меншік нысандар кіруі мүмкін.
“Сондай-ақ жақын бункерлер тізімі бар смартфондарға арналған мобильді қосымша әзірлеу де жоспарланған. Азаматтарды жертөлелері мен гараждарын баспанаға айналдыруға шақырамыз”, деді министрлік өкілі,
Неміс таблоиды BILD дүйсенбі күні бұл жоспарды жариялап, бұл халықаралық жағдайдың нашарлауына, әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты қазірден қамдану әрекеті екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, жуырда Путин ядролық қару қолдануға негіз болатын жағдайлардың тізімін кеңейткен болатын. Ал көп ұзамай Украина тыйым салынып келген зымырандармен алғаш рет Ресей аумағына соққы жасады.
Германия үкіметі болса құпия "Германия жедел жоспарын" әзірледі. Ол бойынша елдің қарулы күштері Ресеймен соғыс жағдайында ірі бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
22 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын хабарлады. Артынша Украинада жағдайдың ушыққанына байланысты Қазақстанның Үкімет басшысы Олжас Бектенов шұғыл жиын өткізді.
Өршелене түскен Кремль Днепрге соққы жасау арқылы ядролық қаруды қолдана алатынын ескертті. Ал неміс басылымы Путин Украинаны үшке бөліп тастауды жоспарлап отырғанын жазды.
Дәл осы сәтте НАТО Парламенттік Ассамблеясы Зеленскийдің "жеңіс жоспарын" қолдады.
Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін хабарлады. Путиннің сапарына байланысты Астанада кей көшелер жабылып, соғыс ұшақтарының ұшырылатыны белгілі болды.