Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақытты ауыстыруға байланысты eGov порталында сауалнама пайда болып, кейін жылдам алынып тасталғанына түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрдің айтуынша, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия зерттеуді өткізу туралы өтінімді мақұлдаған.
– Мәселенің қаншалықты ауқымды екенін түсіну үшін осындай анонимді сауалнама жүргізілді. Біз барлық деректерді зерттеушілерге береміз. Енді басқа сұрақтар туындайды: уақытты ауыстыру қазақстандықтардың денсаулығына қаншалықты әсер етеді? Жұмыс уақытын өзгерту қажет пе? Зерттеу осы мәселелерге назар аударады, – деп түсіндірді министр.
Халықтың eGov порталында сауалнамаға қатысатыны туралы алдын ала хабарламағаны жөнінде сұраққа жауап бере отырып, министр оның кешенді зерттеудің бір бөлігі болғанын айтты.
– Социологияда мұндай түсініктер бар: объективті сауалнама, бағытталған сауалнама, субъективті сауалнама. Онда алдын ала ескертіп, белгілі бір жауап күтіледі. Ал бұл анонимді сауалнама болды. Шын мәнінде, оған тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, көптеген адамдар қатысты, – деп түсіндірді министр.
Саясат Нұрбек әлемде мұндай сауалнамалар жиі өткізілетінін және адамдардың көбісі оған қатысып жатқанын білмейтінін айтты. Ол мұндай тәсілдің зерттеудің бейтараптығын қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
– Бұл арнайы бекітілген қағидалар. Ал дауыс беру немесе референдум кезінде күн тәртібі алдын ала жарияланады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Қазір зерттеу институттарының консорциумы құрылып жатыр. Біз барлық деректерді тапсырамыз, содан кейін үлкен зерттеу жұмысы басталады, – деп сендірді Нұрбек.
Сауалнаманың нәтижелері денсаулыққа теріс әсер ететінін көрсетсе, не болады деген сұраққа министр үкімет шешіміне сілтеме жасады.
НЕҒЫЛҒАН САУАЛНАМА
Жуырда eGov Mobile қосымшасында Қазақстандағы уақыт белдеуіне байланысты сауалнама шықты,
“Хронометрика: күнделікті уақтты ұтымды пайдалану” деп аталатын сауалнама төмендегідей 5 сұрақ тұрған:
СҰРАҚТАР
1. Бір күндік жоспарыңызда Сізге уақыт көп жағдайда не нәрсеге жетпей қалады?
2. Тәулік ішінде қай уақыт Сіз үшін ең қолайлы, өнімді? *
3. Сіз тұратын жердегі қызмет көрсету орындарының (тамақтану орындары, спорт орталықтары т.б.) қызметін қалыптасқан кестеден ертерек бастау идеясына қалай қарайсыз? Бұл Сіз үшін күндік жоспар құруға ыңғайлы бола ма?
4. Қазіргі қолданыстағы уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай?5. Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?.
Кей сұрақтарда 6, кейбірінде 3 жауап нқсқасы бар. Сауалнаманың мерзімі көрсетілмеген еді.
Сауалнама қосымшада бірнеше күн ғана тұрып, алынып тасталған.
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.
Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.