×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

Назарбаевты құттықтаған Майя Бекбаева жұрттың сынына қалды

01.12.2024, 19:45
Назарбаевты құттықтаған Майя Бекбаева жұрттың сынына қалды
Ашық дереккөзден

Белгілі тележурналист Майя Бекбаева Instagram-да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазба қалдырып, жұртшылықты Қазақстандағы мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған Тұңғыш президент күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өз жазбасын ол бір кезеңде өмір сүріп жатқан адамдар өз замандастарын, оқиғалар мен құбылыстарды үнемі объективті түрде бағалай алмайды деген ойымен бастаған.

“Әлемде бір уақытта өмір сүретін адамдар әрқашан өз замандастарын, оқиғалар мен құбылыстарды объективті түрде бағалай алмайды. Дегенмен, тарихи ретроспективада соғыссыз, тыныш және тұрақты уақыт одан әрі дамудың ең маңызды алғышарты саналады. Қазіргі заманда қоқан-лоққысыз, зорлық-зомбылықсыз ел мүддесін қорғай алатын, жоғары деңгейде диалог жүргізе алатын саясаткерлер өте аз екені өкінішті. Осы жылдар ішінде біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі мен рөлін тереңірек сезінетінімізге сенімдімін”, деді Бекбаева.

Сондай-ақ тележурналист біз қоғам ретінде жүріп өткен жолымызға қайта қарап, қателіктерімізді мойындап, түзегеніміз өте маңызды екенін жазған. Және де жақсылықтың қадірін кетірмегеніміз жөн екенін де айта кетіпті.

Ал экс-президенттің фотосы қойылған жазбасын “Тұңғыш Президент күні құтты болсын! 🇰🇿”, деп аяқтаған.

Бірден айта кетейік, пікір жазғандардың барлығына дерлігі тележурналисті жерден алып, жерге салып, Назарбаевтың “істеген тірліктерін” тізіп жатыр. Дегенмен арасында Майяны жақтағандар да бірен-саран кездесіп қалады.

Оны сонша әспеттеудің қажеті жоқ. Бағаны, оның астауынан ас ішкендер емес, халық береді. Халық ендігі бәрін түсінді, уақыт өте келе ой-пікірлер тіпті одан бетер болады”, дейді aigultai есімді желі қолданушы.

“Ол ядролық қаруы, ғарыш өнеркәсібі, білімді халқы, ең жақсы институттары, бүкіл кезеңдік жүйесі, Менделеев кестесін толық қамтитын орасан зор ресурстары, жақсы инфрақұрылымы, мыңдаған зауыттары, ұлан-ғайыр территориясы бар елге ие болды. Осыны қолына алып, дамытса кім қой деді. Оның еш еңбегі сіңген жоқ және ақталуға да себеп жоқ”.

“Эх, Мая, Мая”.

“Жеріне дейін жеп, әлі де халықтың алғысын күтіп жүр ме”.

“Майя ханым секілді жұмыс атқару оңай емес. Ауыр тиетін сөздер айтпаңыздар, бауырлар”.

“Қазір адамдар шалқып жүрген сияқты. Назарбаевтың кезінде тәртіп болды, доллар 5 жылда бір көтерілді, ал қазір доллар ай сайын өсіп жатыр!”

“Мая, мен сіздің парақшаңызға жазылғанымды кері қайтардым. Жазылым кезінде қателісіппін”.

Міне, пікірлердің мән-мағынасы шамамен осындай.

Еске сала кетсек, Назарбаев президент болып тұрған кезде Майя Бекбаева «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде экс-президентке ерекше лебізін білдірген. Съезде сөйлеген сөзінде біздің Майя бүй деп еді:

- Сіз менің жүрегімнің қағысын жиілетесіз. Тек менің ғана емес, еліміздегі барлық әйел қауымының жүрек қағысы сіз дегенде ерекше соғады. Өйткені сіз тұтас бір халықты рухтандыратын нағыз көшбасшысыз, - деді ол Нұрсұлтан Назарбаевқа.

Сондай-ақ жуырда жағымпаздық "өнердің" арқасында сайрап жүрген Назарбаев бұлбұлдары жайлы материал жариялағанбыз.

Ал Бекбаеваның, сондай-ақ өзге де азаматтардың Назарбаевқа нақты не айтқанын Азаттық дайындаған төмендегі видеодан көре аласыздар.