Актриса Дариға Бадықова өзі түскен "Таптым-ау сені 2" фильміне емес, Disney кинокомпаниясының "Моана 2" анимациясына барған көрерменді "түсінбейтінін" айтады. Оның бұл пікірі сынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
– Монаға барып позор болып отпайық. Бөтен елге кассаны, бөтен елге ақшаны жіберіп… Мен ашығымен айтам. 27 қараша күні “Моанаға” барған қазақтар болды. Мен сөкпеймін. Қандай қазақ екендерін түсінбеймін, бірақ, – дейді актриса әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырған сәтінде.
Бадықова көрермендеріне “сендер қазір анау бір мультикке барып қыртып жатырсыңдар ғой, не үшін барып жатқандарыңды білмеймін, не үшін Голливудқа шапан кигізіп жатқандарыңды түсінбеймін” дейді.
“Моана 2” және қазақстандық “Таптым-ау сені 2” кинотеатрларда қатар шығып жатыр. Актрисаның бұл сөзін сынап жатқандар бар. “Өз комедиясымен қазақтың патриоттық деңгейін өлшемекші”, “әр адам өзі біледі ғой”, “бүгін Моанаға бардым, керемет”, “керек кезінде паториоттығы оянатын актерлер ренжіп қалыпты” деп оның пікіріне қарсы ойлар көп жазылған. Кейбір оқырмандар қазақ көрермендеріне тек арзан әзілге толы отандық фильмдер ұсыныла беретінін ашық жазған.
"Моана 2" шетелдік кинокомпанияның өз қаражатына қазақ көрермендеріне қазақ тілінде ұсынып отырған анимациясы. Қазақстанның кинотеатрларында 28 қарашадан бері кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр.
ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРАЖАТ
Ulysmedia.kz порталы бұған дейін анимациялардың аударма мәселесін жазған еді. Шетелдік фильмдер мен анимацияларды аударуға Қазақстан бюджетінен 2023 және 2024 жылы 443 млн теңгеден бөлінген. Алайда бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат бюджетке кері қайтарылған. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау орталығы Қазақстан аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын қаржыландыруда бірыңғай оператор. Дубляжға арналған фильмдер министрдің бұйрығына сәйкес іріктеледі. Алайда ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген.