Саясаттанушы Дос Көшім Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихшылар тобының жұмысын сынға алып, одан алыс болуымыз керек деп мәлімдеді.
ТАРИХШЫЛАР ҮНДЕМЕЙ ҚАЛДЫ
Дос Көшімнің айтуынша, бұл мәселені Ресейдің бұрыннан айтып жүр. Қазір оны тіптен күн тәртібіне шығарып қойған. Саясаттанушының ойынша, Қазақстанның тарихшылар қауымдастығы (егер ондай бар болса – Д.К.) оған жауап беруі керек.
– Шындығында, неге екенін қайдам, біздің тарихшылар үндемей қалды. Олар осы мәселеге нақты жауап бергені дұрыс. Себебі Ресейдің Қазақстанды отарлаушы ел есебіндегі тарихты қалай жазатыны және ол тарихта қандай мәселе айтылатынын біз жақсы білеміз. Кеңес үкіметі кезінде біз СССР тарихы дегенді оқығанбыз. Ол тарихтың ішінде үш бетті ғана Қазақстанға бөлген. Ол жерде үш адамның суреті тұратын: Абай, Ыбырай, Шоқан. Басқаны біз білмедік. Біз Алаш Орда, Жоңғар шапқыншылығы дегенді білмей өстік. Біздің тарихымыз сол болды. Бұл Ресейдің жасаған тарихын Кеңес үкіметінің тарихы есебінде бізді оқытты. Оның есесіне біз бүкіл Ресейдің тарихын біліп шықтық. Пугачевтен бастап, Николай патшалардың бәрін жаттап өстік, шындығында. Бізге сол тарихты ұсынайын деп отырғаны белгілі, – дейді ол.
Дос Көшімнің сөзінше, өкінішке қарай тарих – әр уақытта саясаттың қолбаласы. Саяси бағытты сол тарих арқылы дәлелдейді, тарих арқылы санаға пікірді құюға тырысады.
– Сондықтан, біз бұл қауіпті қадамнан алыс болуымыз керек. Біздің өз тарихшыларымыз жеткілікті. Біз өзіміздің сол уақытқа өз тарихи көзқарасымызды, дәлелімізді, деректерімізді соған сүйене отырып, жасауымыз керек. Бір елдің тарихын екінші ел жазды деген – ақымақтық. Әсіресе, отар елдің тарихын метрополия қалай жазады? Демек, метрополия бұл мәселені қозғап отырса, ол саяси бір тәсіл ретінде Ресейдің қолданып отыр дегені. Сондықтан, біз бұдан басымызды ала қашуымыз керек, – дейді ол.
ҚАЙ ТАРИХШЫЛАР ҮНСІЗ ҚАЛМАДЫ
Аталған мәселе РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сапарынан кейін айтыл бастады. Сол тұста Ресей Қазақстанмен бірге бірлескен тарихшылар тобын құруды көздеп отырғаны хабарланған.
Тарихшы, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы Қазақстан-Ресей тарихшыларының жиыны өтіп, ол жерде “Ресей тарихшылары қазақ тарихшыларына ортақ тарихымызды жазайық” деп ұсыныс айтқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, жиында тарихта 19 ғасырда қазақ жерінің отарлап алынғаны, қазақ жерін тәркілеп алғаны, қазақтың мәдениетін тас-талқан етіп, ашаршылық ұйымдастырғаны туралы жазылмасын. Ресей мен Қазақ хандығының қосылуын Ресей империясы тарапынан мәдени жаңғырту ретінде қарастырайық” деген әңгіме болған.
«Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қорының төрағасы, белгілі тарихшы Арман Жұмаділовтің сөзінше, Ресей тарихшылары «Қазақстан тарихының» жаңа 7 томдық академиялық басылымын дайындауға да белсенді түрде тартылып жатыр. Оның айтуынша, алдағы уақытта Ресей тарапы қазақ қоғамында Ресейді «аға тұтатын» адам қала ма, жоқ па деген мәселеге алаңдап отыр. “Егер Ресей мен Қазақстан тарихшыларынан ортақ топ құрылатын болса, ол қолдан «РФ прогрессивтік рөлін көтергеннен» басқа не тындырар екен. Орта ғасыр мен отарлық кезең өз ұстанымдарынан ажырамайды. Ресей империясы Қазақстанды жаулады, қазақ елін отарлады, қазақ ауылдарын қанға бөктірді, ұжымдастыру жылдары қазақ халқына қарсы этноцит саясатын жүргізді” дейді ол.
Ulysmedia.kz тілішісі бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Қазақстан мен Ресей ғалымдары не жазғалы жатқанын сұрап көрген.