×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

"Орыстың диктовкасымен жазамыз деген сөз" – тарихшы Ресеймен ортақ тарих туралы

Бүгін, 13:24
"Орыстың диктовкасымен жазамыз деген сөз" – тарихшы Ресеймен ортақ тарих туралы
Коллаж Ulysmedia.kz

Белгілі тарихшы, «Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қорының төрағасы Арман Жұмаділов Ulysmedia.kz тілшісіне билік өкілдері түсіндіріп жүргендей, Ресеймен ортақ тарих өзара ғылыми ізденістер жасап, деректерді бөлісу емес, тарихты Ресейдің диктовкасымен жазу деп санайтынын айтты.

МҰРАҒАТТАРЫН АШПАЙДЫ

Оның сөзінше, Ресей қазақ тарихшыларына ешқандай да мұрағаттарын ашып бермейді.

“Бізді бұзауды мұрындығынан алып, жетектеп жүргендей, былай тұр, былай жүр деген жағдайдамыз. Ресей айқара ештеңесін ашып қоймайды. Катанаевтың қорын отарлық саясатқа байланысты әлі ашпай жатыр. Ортақ тарих деп Ресей бізге бүкіл есігін ашып кетеді деп сеніп кетпеу керек. Ашпайды” дейді ол.

Тарихшы Путиннің диктарурасы аяқталуға жақын деген пікірде.

Өзіме солай көрінеді. Өйткені империалық құрып кетудің алдында бір адам санасы қабылдамайтын заңдар шығарады” дейді тарихшы.

ОРТАҚ ТАРИХ ДЕГЕНІҢ ДИКТОВКА

Арман Жұмаділов ортақ тарихтты жазу үшін ортақ концепция, ортақ ұстаным болуы керектігін атап өтті. 

“Біз өз тарихымызда ортақ концепцияға келе алмай отырғанда орыспен қалай ортақ концепцияға келеміз. Ол ортақ концепция емес, біз орыстың диктовкасымен жазамыз деген сөз. Ресей федерациясының бізге таңған концепциясымен жазамыз деген сөз. Болды, (20) 18 жылдан бері зерттеп жатырмыз дейді, кәні, көрсетсін, тыңдайық. Кітаптарын, концепциясын көрейік, не деп жазды екен. Ләппай тақсыр деп біреуге сеніп кетпеуіміз керек. “Доверяй, но проверяй” деген орыс сөзі бар. Неге біз құлай жығылуымыз керек. Екі ғасыр жығылып келдік содан сабақ алатын кез келді” дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшім  Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихшылар тобының жұмысын сынға алып, одан алыс болуымыз керек деп мәлімдеген.

ТАРИХШЫЛАР ҮНДЕМЕЙ ҚАЛДЫ

Дос Көшімнің айтуынша, бұл мәселені Ресейдің бұрыннан айтып жүр. Қазір оны тіптен күн тәртібіне шығарып қойған. Саясаттанушының ойынша, Қазақстанның тарихшылар қауымдастығы (егер ондай бар болса – Д.К.) оған жауап беруі керек.

– Шындығында, неге екенін қайдам, біздің тарихшылар үндемей қалды. Олар осы мәселеге нақты жауап бергені дұрыс. Себебі Ресейдің Қазақстанды отарлаушы ел есебіндегі тарихты қалай жазатыны және ол тарихта қандай мәселе айтылатынын біз жақсы білеміз. Кеңес үкіметі кезінде біз СССР тарихы дегенді оқығанбыз. Ол тарихтың ішінде үш бетті ғана Қазақстанға бөлген. Ол жерде үш адамның суреті тұратын: Абай, Ыбырай, Шоқан. Басқаны біз білмедік. Біз Алаш Орда, Жоңғар шапқыншылығы дегенді білмей өстік. Біздің тарихымыз сол болды. Бұл Ресейдің жасаған тарихын Кеңес үкіметінің тарихы есебінде бізді оқытты. Оның есесіне біз бүкіл Ресейдің тарихын біліп шықтық. Пугачевтен бастап, Николай патшалардың бәрін жаттап өстік, шындығында. Бізге сол тарихты ұсынайын деп отырғаны белгілі, – дейді ол.

Бұл мәселеге расында да жекелеген тарихшылар ғана үн қатып жүр. Солардың бірі – Сұлтанхан Аққұлұлы. Тарихшы жуырда Қазақстан-Ресей тарихшыларының жиыны өтіп, ол жерде “Ресей тарихшылары қазақ тарихшыларына ортақ тарихымызды жазайық” деп ұсыныс айтқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, жиында тарихта 19 ғасырда қазақ жерінің отарлап алынғаны, қазақ жерін тәркілеп алғаны, қазақтың мәдениетін тас-талқан етіп, ашаршылық ұйымдастырғаны туралы жазылмасын. Ресей мен Қазақ хандығының қосылуын Ресей империясы тарапынан мәдени жаңғырту ретінде қарастырайық” деген әңгіме болған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ulysmedia.kz тілішісне Қазақстан мен Ресей ғалымдары тарихты бірлесіп жазады деген ақпаратқа байланысты пікір білдірген. Ол  арнайы комиссия құрылды дегенді терістеп, ұлттық тарихты шетелдік мемлекетпен ортақтасып жазу деген ақпарат жалған екенні мәлім еткен.

Министр Ресей және Қазақстан тарихшылар тобы барын мойындап, оларды таза ғылыми топ деп атап, мақсаты – біліммен айналысу, археологиялық қазбамен, экспедициялық жұмыстармен айналысу екенін айтқан.