Disney компаниясының қазақша дубляждалған «Моана 2» анимациялық туындысының кинотеатрлардағы сеанстары артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Мәдениет және ақпарат министрлігі кинотеатрлармен сөйлесіп, осындай қабылданғанын жазды.
«2024 жылдың 28 қарашасынан бастап елімізде Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық фильмі көрсетілуде. Сонымен қатар, биыл алғаш рет Disney мен Pixar студиялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы, «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды.
Айта кету керек, осы бастамалардың арқасында қазақтілді сеанстар саны екі есеге артты. Бұл қазақ тілінің және мәдениетінің жастар арасында танымал болуына, сондай-ақ ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау мен дамытуға үлкен үлес қосуда» дейді министрліктегілер.
ЖЕЛІДЕГІ ШУ
Бұған дейін белсенді Бэлла Орынбетова әлеуметтік желіге 28 қарашадан бастап кинотеатрлардан көрсетілетін «Моана 2» анимациясының прокатында тағы да тіл мәселесі айқын көрінетінін жазған.
– Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне (өз есебінен!) дубляждаған «Моана 2» анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз. Осы елдің азаматы ретінде ашынбай, шуламай, күреспей, жай ғана тып-тыныш қазақша киноға бара алатын күн туа ма екен? Неге қарапайым адам құқымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?! , – деген ол.
Оның бұл жазбасын желі қолданушылар көп қолдаған.
ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРАЖАТ
Ulysmedia.kz порталы бұған дейін осы мәселені жазған еді. Шетелдік фильмдер мен анимацияларды аударуға Қазақстан бюджетінен 2023 және 2024 жылы 443 млн теңгеден бөлінген. Алайда бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат бюджетке кері қайтарылған. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау орталығы Қазақстан аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын қаржыландыруда бірыңғай оператор. Дубляжға арналған фильмдер министрдің бұйрығына сәйкес іріктеледі. Алайда ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген.