Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.
Азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті. Бағаның төмендеуі күрішке – 2%, қантқа – 1,9%, алмаға 0,7% байқалды.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады. Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қараша айында бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды. Смартфон – 9,8%, алтыннан жасалған неке жүзігі – 6,2%, киім және аяқкиім 0,9% қымбаттады.
Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы қаласында 0,4% тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Шымкент қаласында – 2%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 2,3%, ақылы қызметтерге – Алматы облысында 2,6% өсті.