Актриса Дариға Бадықова өзі түскен "Таптым-ау сені 2" фильміне емес, Disney кинокомпаниясының "Моана 2" анимациясына барған көрерменді "түсінбейтінін" айтады. Оның бұл пікірі сынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Актриса Дариға Бадықова өзі түскен "Таптым-ау сені 2" фильміне емес, Disney кинокомпаниясының "Моана 2" анимациясына барған көрерменді "түсінбейтінін" айтып, сол үшін әлеуметтік желіде сынға ұшыраған еді. Көп адам әлеуметтік желіде оны келеке етіп кеткеннен кейін актриса тағы да сол жайлы айтты.
– Қазақты қазаққа қарсы қойғанға қанып көтеріліп кетті. Эфирде әйтеуір салмақты болып отырмын. Ондай нәрселерді айтқан кезде қаным көтеріліп кетеді. Намысыма тиіп кетеді. Мен мысалы бастысы «ол балалар көрмейтін нәрсе» деген жоқпын ғой. Екі жарнама кетті. Күшті болды. «Моанаға» да жарнама жасадым. Өз кинома да жарнама жасадым. Болмайтын нәрселерді айтып, бір-бірімізді таптап, жерден алып, жерге салып, сұмдық енді. Көпшілік емес. Өйтіп жатқан көп адам емес. Арасында бар, – дейді ол.
“Моана 2” және актрисаның өзі түскен қазақстандық “Таптым-ау сені 2” кинотеатрларда қатар шығып жатыр. "Моана 2" шетелдік кинокомпанияның өз қаражатына қазақ көрермендеріне қазақ тілінде ұсынып отырған анимациясы. Қазақстанның кинотеатрларында 28 қарашадан бері кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр.
ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРАЖАТ
Ulysmedia.kz порталы бұған дейін анимациялардың аударма мәселесін жазған еді. Шетелдік фильмдер мен анимацияларды аударуға Қазақстан бюджетінен 2023 және 2024 жылы 443 млн теңгеден бөлінген. Алайда бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат бюджетке кері қайтарылған. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау орталығы Қазақстан аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын қаржыландыруда бірыңғай оператор. Дубляжға арналған фильмдер министрдің бұйрығына сәйкес іріктеледі. Алайда ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген.