Украина президенті Владимир Зеленский сұхбатында Ресейдің толық ауқымды шабуылы басталғалы бері соғыста 80 мың украин әскері емес, одан әлдеқайда аз қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
«Жақында америкалық баспасөзде соғыста 80 мың украин сарбазы қаза тапты деген ақпарат шықты. Мен сіздерге айтайын: жоқ, одан аз. Әрі әлдеқайда аз», – деп келтіреді Укринформ агенттігі президенттің Kyodo News агенттігіне берген сұхбатын.
Украина әскері нақты қанша сарбазынан айырылғанын Зеленский ашып айтудан бас тартты. Соңғы екі айда әртүрлі батыс басылымдары Украинадағы қаза тапқан адамдардың санын 57-100 мың адам деп шамалаған, бірақ бұл тек болжам, әрі өте шамамен алынған мәліметтер.
Бұл соғыста екі тарап та өздерінің шығындары туралы мәліметтерді жарияламайды; Украина үлкен соғыс басталғанда, шығындар санын соғыс аяқталған соң ғана жариялайтынын айтқан. Алайда, осы жылдың ақпанында Зеленский Украина қорғаныс күштерінің 31 мың сарбазы қаза тапқанын мәлімдеді.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ МОЙЫНДАУЫ
Kyodo News-ке берген сұхбатында Зеленский Ресей басып алған аумақтарда қанша украинның қаза тапқанын білмейтінін баса атап өтті.
«Окупация кезінде ол жақта бейбіт тұрғындар да, әскери қызметшілер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де болған. Олардың қаншасы қаза тапты, қаншасы жойылды, қаншасы тұтқында азап шекті және тағы басқалары... Бұл жағын білмеймін. Сондықтан мен тек біздің аумақта, өз бақылауымыздағы әскери қызметшілердің есебін айтамын», – деді Украина президенті.
РЕСЕЙ ШЫҒЫНЫ
Ресейлік шығындарға келсек, BBC-дің орыс қызметі өз жобасы аясында қараша айының соңына дейін нақты расталған 81 мыңға жуық қаза тапқан ресейлікті есептеген. Бұл ресейлік әскери шығындардың бір бөлігі ғана болуы мүмкін, себебі олардың көбінің мәліметтері ашық дереккөздерде жоқ.