Су тасқыны кезінде құм тасып, ауыл жұртына көмектескен Пшөн деген итті әлдекімдер атып кеткен еді. Бүгін осы оқиғаның мән-жайы Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан өңір басшысы Серік Шәпкеновтен сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
– Өзім де бүгін бұл жаңалықты БАҚ-тан көрдім. Пшөн деген итіміз ғой. Кезінде дамбы құрылысында көп көрсетілген итіміз. Бұл жағдай қалай болған? 28 қараша күні болған жағдай. Ол жерде сол ауылдың тұрғыны арыз-шағым береді. Себебі бұралқы иттердің көптігінен өз үйіне кіре алмайды. Сол бойынша мамандар келіп, итті аулап, уақытша ұйықтату үшін дротиктермен атады. Артынан Жайықтың жағасынан Пшөн деген иттің өлексесі табылған, – дейді Шәпкенов ОКҚ-да өтіп жатқан брифиң барысында.
Оның айтуынша, қазір бұл факт бойынша арнайы қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр.
– Біздің өңірімізде бұралқы иттерді аулау барысында бізде заңға сәйкес, ұйықтатып, содан кейін агрессивті болса, иелері болмағанда жойылады. Басқа жағдайда стерилизациядан өтіп, ортаға қайтарылады. Сондықтан бұл жағдай бойынша тексерулер аяқталсын. Сол бойынша себебі қандай болғанын айтып, жауабын береміз, – дейді әкім.
ИТТІ АТЫП КЕТКЕН
Су тасқынында иесімен бірге құм салынған қап тасып, көпті тәнті еткен ақылды итті атып кеткені бұған дейін хабарланған болатын. Бұл туралы Виктор Сутягин есімді желі қолданушысы жазды. Оның сөзінше, Пшөн деген ақылды хайуанды ит аулаушылар атып тастаған. Жергілікті әкімшілік жабайы иттерді ату үшін оларға бір-екі мың теңге төлеген. Алайда Пшөн көшені кезіп жүрген құтырған жабайы ит емес еді. Ол Атырау облысы Махамбет ауданы Сартоғай ауылы тұрғынының сенімді серігі болатын. Пшөн көктемгі су тасқынында құм салынған қапты арқалап, жергілікті жұртқа бөгет жасап, өзеннің жағалауын күшейтуге көмектескен.