×
521.6
534.27
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.6
534.27
5.25

Мүгедек болып қалуы мүмкін: Оралда комиссариаттан қашқан жігіт құлап ауыр жарақат алды

05.12.2024, 13:46
Мүгедек болып қалуы мүмкін: Оралда комиссариаттан қашқан жігіт құлап ауыр жарақат алды
Көрнекі сурет

Батыс Қазақстан облысында әскерге шақырылушы Мейрамбек Сафиуллиев әскери комиссариаттың терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

"Мой Город" басылымының хабарлауынша, Мейрамбектің туыстары ол шақыру қағазын алмағанын айтады. Жас жігітпен бірге әскери комиссариатта оның екі досы болған. Сол жерде оларға бейтаныс бір жігіт кездесіп, қашып кетуді ұсынған.

"Жігіт оларды қашуға көндіре бастайды. Ол әкесінің бай екенін айтып, айыппұлды төлейтінін жеткізген. Шындығында, ол даяшы болып шықты. Түнде әлгі жігіт төсек жаймаларын байлап, солар арқылы төмен түсті. Артынан Мейрамбектің бір досы, сосын екінші досы кетті. Достары кеткенін көрген Мейрамбек те түсе бастады. Бірақ жаймалар шыдамай, ол үшінші қабаттан асфальтқа құлап түсті," – дейді Мейрамбектің ағасы Нұрхат Әбілғазиев.

Туыстарының айтуынша, жігіттің омыртқасы сынған, бұл оны мүгедектікке әкелуі мүмкін.

КОМИССАРИАТ НЕ ДЕЙДІ

Қорғаныс істері жөніндегі департамент Мейрамбектің әскерді кейінге қалдыру немесе босату құқығы болмағанын мәлімдеді. Жігітке шақыру қағазы берілген, бірақ ол оны елемеген.

"30 қараша күні полиция қызметкерлері жігітті облыстық жинау пунктіне жеткізді. Оған ешқандай психологиялық немесе моральдық қысым көрсетілген жоқ. Түнде, шақырудан қашпақ болып, тоғыз көрпені байлап қашуға тырысқан. Қорғаныс істері жөніндегі департамент полиция бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы ("Әскери қызметтен жалтару") бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жолдады. Тергеу жүріп жатыр. Біздің нұсқа бойынша, оған 3000 АЕК (11 млн теңгеден астам) айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін," – деп түсіндірді департамент өкілдері.

Мейрамбектің екі досы мен қашуды ұсынған жігіт қайтадан шақыру пунктіне оралған.