Ақын Қасым Аманжоловтың қызы Дариға Қасымқызы өмірден өтті. Қаралы хабарды ақын Жанат Жаңқашұлы естіртті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДАУЫЛПАЗ АҚЫН
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың қызы Дариға апамызға уақыт болыпты деген хабар алып отырмыз. Алла панасына алсын апамызды! Жаны жәннаттық болғай! - деп жазды ол.
Сондай-ақ ақын Жанна мен Дариға Қасымқызының әкесі жайлы берген сұхбатынан үзінді ұсынды:
Иә, әкеміз үлкен жүректің иесі болатын. Аса балажан кісі еді. Тағдырдың түрлі тауқыметіне қарамастан бізге мейірімін төгіп, еркелетіп өсірді. Қызық қылықтарымызға балаша мәз болып, демде өлең арнайтын. Анамызға деген құрметі тіпті ерекше еді. «Семья – шағын мемлекет, Мен – Президент, сен – Премьер» деген анамызға арнаған әзіл өлеңі бар ғой. Түрлі мерекелерде, бізді қолымыздан жетектеп, алаңға апарып қыдыртып, қала берді, табиғат аясында жиі серуендететін. Поэзиядан бөлек әкеміздің өнердің де өз өкілі екенін исі қазақ жатқа біледі, – деп жазды Жанат Жанқашұлы.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
Қасым Аманжолов (1911-1955) – қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, атақ-даңқы кең жайылған Қасым Аманжолов ұлттық әдебиеттің заңғар аспанындағы жарық жұлдызы, мәңгі сөнбес шамшырағы еді. Өмірден ерте кеткенмен, ол болашақ ұрпаққа мол мұра қалдырды. Бейбіт өмірді, қан майданды, туған жер мен ата-ананы, достық пен махаббатты, көңіл күйі мен табиғатты биік парасаттылықпен, шынайы сезіммен, зор тебіреніспен жырлады.
Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады.
«Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Екі жылдан кейін оған Алматыда Виноградов көшесінен пәтер беріледі. Бұл уақытта өмірінің көбін жоқшылықта өткізген ақынның аз күні қалған еді.
Қасым Аманжолов дүниеден өтерінде көзі көрмей, құлағы естімей қалған деген де дерек бар