Парламентте азық-түліктердің қауіпсіздігі мәселесі талқыланып жатыр. Тыңдауда Сенат депутаты Арман Өтеғұлов Қазақстанда тамақ құрамындағы ГМО мәселесін реттейтін арнайы заң қабылдау қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨТЕҒҰЛОВ НЕ ДЕЙДІ
Парламенттік тыңдау қарсаңында сенаторлар республикалық денсаулық сақтау және ветеринариялық зертханаларда болып, олардың жұмысы жайлы мәлімет алған. Өтеғұлов келтірген мәлімет бойынша, мәселен, 2019 жылы зерттелген 1375 тағам өнімінің 21-інен нормадан көп ГМО анықталған. Алайда соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс көлемінің азаюы себепті тексеру шаралары да күрт төмендеген. 2023 жылы бар болғаны 320 сынама алыныпты. Оның үстіне сынамалардың нәтижесі туралы ақпарат жоқтың қасы. Өтеғұлов дамыған елдерде ГМО мәселесін реттейтін арнайы заң қабылданғанын, Қазақстанда да осындай заң қабылдау қажеттілігі туындап отырғанын айтады.
ПРЕПАРАТТАР ЕСЕПСІЗ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Сенатордың сөзінше, тыңайтқыштарды нормадан артық қолдану топырақтың эрозияға ұшырауына, сондай-ақ микроорганизмдер мен емдік қасиеті бар шөптердің жойылуына апарып соқтырады.
– Бұған қоса, мал шаруашылығында гормондық препараттарды есепсіз қолдану белең алған. Оның мақсаты белгілі – қысқа мерзімде малды семіртіп, тез өсіру. Алайда мұндай әрекеттердің адам денсаулығына әсерін жүйелі түрде тексеру заңға тәуелді актілер арқылы тиісті деңгейде реттелмеген. Гормондардың ағзаға шамадан тыс және ұзақ уақыт бойы түсуі онкологиялық аурулардың таралуына, жыныстық функцияның әлсіреуіне, ерлердің феминизациясына, әйелдердің бедеулігіне әкеліп соқтыруда, – дейді ол.
ЗЕРТХАНАЛАР ЖЕТІСПЕЙДІ
Сенатордың сөзінше, өнімді уақтылы және сапалы тексеруге қабілетті зертханалардың жетіспеушілігі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Кез келген мемлекет өзіне келетін өнімді техникалық регламенттерге сәйкес мұқият тексеріп, сапасын қатаң бақылауға алуы тиіс.
– Өкінішке қарай, бізде заманға сай зертханалардың жоқтығынан өз өнімдеріміздің сапасын әлемдік деңгейде дәлелдей алмай отырмыз. Бұл экспорттық әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне экспорттаған өнімдеріміз техникалық регламенттерге сәйкес келмейді деген себеппен жиі қайтарылып жатады, – дейді ол.
Тыңдау жалғасып жатыр.