Гаити астанасы Порт-о-Пренсте банда мүшелері 110 адамды аяусыз өлтірді. BBC-дің хабарлауынша, Гаити Адам құқықтарын қорғау ұлттық желісі (RNDDH) бұл қылмысты жергілікті банда басшысы өз ұлы сырқаттанып, қайтыс болғанынан кейін жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Банда басшысы вуду діни қызметкерінен көмек сұраған. Ол баланың жұмбақ ауруына кінәлі ретінде жергілікті сиқыршылықпен айналысатын қарт тұрғындарды айыптаған.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, банда мүшелері 60 жастан асқан ондаған адамды үйлерінен күштеп алып кеткен, оларды қоршап, кейбірін атып өлтірген, ал қалғандарын пышақ және мачетемен жарақаттап, өлтірген. Куәгерлер көшелерде өртелген мүрделерді көргендерін айтқан.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл қылмысты ұйымдастырушы ретінде Монель Феликсті, сондай-ақ Микано деген атпен танымал банда басшысын атады. Микано астананың маңызды стратегиялық аймағы саналатын Жереми айлағын бақылауда ұстайды.
БҰҰ мәліметінше, Гаитиде бандалардың зорлық-зомбылық әрекеттерінен биылдың өзінде қаза тапқандар саны 5000 адамға жетіп отыр. Бұл – үрейлі көрсеткіш.