Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар айласын іске асыру үшін жаңа технологияларды пайдалануға көшкенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚМА НЕ ДЕЙДІ
Агенттіктің хабарлауынша, бүгінде алаяқтар жасанды интеллект көмегімен кибершабуылдар жасап, азаматтардың құпия деректерін ұрлауға көшкен. Ендеше бұдан қорғану үшін не істеу керек? Агенттік әуелі негізгі терминдерге тоқталады.
ДИПФЕЙК ДЕГЕН НЕ
Бұл – ЖИ-дің көмегімен өңделген фотолар, бейне немесе аудио жазбалар. Аталған технология адамдардың фото, бейнежазбасын жасап, ешқашан айтпаған сөздерін дауыс, бет әлпет қозғалысы арқылы келтіруге мүмкіндік береді. Мейлі, сапасы жақсы болмаса да, кейбір сервистер дипфейк-бейне немесе аудио жасай алады. Оларды тек бірнеше секундқа созылатын бір сурет немесе дыбыстық жазбаның көмегімен жасауға болады.
АЛАЯҚТАР ОНЫМЕН НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ
Дипфейктердің көмегімен алаяқтар банк шотына қол жеткізіп, ондағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырады. Сонымен қатар, сіздің атыңыздан кредит ресімдеу үшін фотоңызды жасанды интеллект көмегімен жасап шығады. Қайтыс болған адамның деректерін ұрлап, банктік онлайн-қызметтерге және т.б. қол жеткізу үшін оған «жан бітіре» алады.
ҚАЛАЙ АЛДАНЫП ҚАЛМАУ КЕРЕК
Дипфейкті қалай ажыратуға және алданып қалмауға болады? Келесі белгілерге назар аударыңыз:
адам көзін біртүрлі жыпылықтатады немесе оның бейнежазбадан шығып кетуі, айтқан сөздерінің жазбамен сәйкес келмеуі, аздап кекештенуі немесе роботқа тән дауыс.
– Жақыныңыз немесе танысыңыз қоңырау шалып, шұғыл ақша аударуды сұрай ма? Әңгімені аяқтап, оған қайта қоңырау шалыңыз. Сізге алаяқтар емес, шынымен сол жақыныңыздың қоңырау шалғанына көз жеткізіңіз. Қазақстанда дипфейк технологиясын қолдану арқылы жасалатын алаяқтық фактілері туралы мәлімет жоқ. Дипфейктерді қолданатын киберқылмыскерлерге қарсы күрестің негізгі тәсілі – пайдаланушылардың осындай схемасы туралы хабардар болу және цифрлық гигиенаны сақтау, – делінген агенттік хабарламасында.
Кепілді кіріске кенелу жолын тек алаяқтар ғана ұсынады. Тіпті дипфейктерді пайдаланбайтын, тек танымал және құрметті адамдардың бейнелерін пайдаланатын мұндай «жарнамаларға» сенуге болмайды. Алаяқтар бүгінгі күні түрлі инвестициялық онлайн-платформаларда ақша табуға шақырады, оған қатысу үшін фейк сайттарда жеке деректеріңізді қалдырып, ұйымдастырушыларға аздаған сома аудару қажет. Мұның бәрі күмәнді схемалар. Ақыр аяғында ақшаңыздан қағылып, алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін.