Дональд Трамп өзінің екінші президенттік мерзімінде мемлекет басшысына тиесілі барлық материалдық жеңілдіктерден бас тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
NBC арнасына берген сұхбатында ол жылына 400 мың долларды құрайтын президенттік жалақыны алмайтынын және өмір бойғы зейнетақыдан бас тартатынын айтты.
"Мен бір цент те алмаймын. Бұл – мемлекеттік шығындарды азайтуға қосқан менің үлесім," – деп атап өтті Трамп.
Сұхбат барысында Трамп АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтоннан басқа, бұл жұмысы үшін ақша алмаған алғашқы президент болуы мүмкін екенін айтты.
Бұған дейін, өзінің алғашқы президенттік мерзімінде, Трамп президенттік жалақыдан бас тартып, қаражатты қайырымдылыққа және ұлттық парктерді қорғау сияқты түрлі бағдарламаларға бағыттаған болатын.
Мұндай қадамдарға қарамастан, Трамп АҚШ-тағы ең бай адамдардың бірі болып қала береді. Forbes мәліметі бойынша, оның байлығы 2,3 миллиард доллар деп бағаланған.