Ресей мемлекеттік думасы бірінші оқылымда мигранттардың орыс тілін білу бойынша тестілеуден өтпеген балаларын мектепке қабылдауға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдады. Бұл туралы парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Құжатқа сәйкес, шетел азаматтарын оқу процесіне тек олардың отбасының Ресей аумағында заңды түрде тұруын растайтын құжатты және орыс тілін "қажетті деңгейде" меңгергенін көрсететін тестілеуден "сәтті өткенін" дәлелдейтін құжатты ұсынған жағдайда ғана қабылдайды.
Тестілеуді өткізу тәртібін федералды атқарушы орган белгілейді.
Мемлекеттік Дума баспасөз қызметі оқу жылының басындағы іріктемелі мониторинг нәтижелерін келтірді. Нәтижесінде, мигрант балалардың 41%-ы орыс тілін меңгеруде қиындықтарға тап болғаны анықталған.
"Сапалы білім алу және мектеп бағдарламасын сәтті меңгеру үшін орыс тілін білу қажет. Әйтпесе, тілді білмейтін бала үшін оқу мен әлеуметтік бейімделу процесі айтарлықтай қиынға соғады, сонымен қатар сыныптастары мен мұғалімдер үшін де мәселелер туындайды", – делінген хабарламада.
Депутаттар заң жобасын қарауды басым тәртіппен 11 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Заң 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енуі тиіс.