Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға қарағанда соңғы айда қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қараша айына арналған сауалнама нәтижесі бойынша халықтың тұтыну көңіл-күйінің индексі 111-ге дейін төмендеді (2024 жылғы қазан — 114,7). Алдағы 5 жылға елдің даму перспективаларын бағалау 5,2 пунктке төмендеп, 101,8-ге түсті. Сонымен қатар, жеке материалдық жағдайдың алдағы бір жылдағы өзгеруін бағалау 3,7 пунктке төмендеген. Қазіргі жағдайды бағалауда сауалнамаға қатысқандардың соңғы жылы жеке материалдық жағдай көрсеткіші 5,3 пунктке төмендеп, 99,3-ке жеткен. Ал қомақты қаржыға сауда жасауға дайын болу 8,9 пунктке төмендеп, 103,5 болды, — деп жазылған сауалнама қорытындысында.
Сауалнамаға қатысқандардың 68,2%-ы қарашада азық-түлік тауары қымбаттай түскенін сезінген. Қазан айында осылай жауап бергендердің үлесі 64,6% болған еді. Ал азық-түліктік емес тауарлардың бағасы өскенін сауалнамаға тартылғандардың 13,4%-ы сезінген. Жауап берушілердің көбі қараша айында, әсіресе, жеміс-жидек пен көкөніс, ет және сүт өнімдері, дәрі-дәрмек, киім мен аяқкиім, тұрмыстық химия қымбаттағанын айтқан.
БАҒА ӘЛІ ДЕ ҚҰБЫЛМАЛЫ
Алдағы 12 айдағы халықтың инфляциялық күтулері әлі де құбылмалы. Қарашада көрсеткіш қайтадан 14,1%-ға дейін өсті. Соңғы айларда инфляциялық күтулер теңгенің номиналды айырбас бағамының өзгеруі және жылдық инфляцияның баяулау қарқынының тұрақтылығы төмендеуі аясында қалыптасып отыр. Сонымен қатар елдің даму перспективалары мен жеке материалдық жағдайға қатысты бағалаулардың төмендеуі есебінен тұтыну көңіл-күйі нашарлап отыр, — деп жазады Ұлттық банк сарапшылары.
Еске салсақ, бұған дейін «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова доллардың қымбаттауы баспана нарығына қалай әсер ететіні жөнінде сұраққа жауап берген болатын.