Белсенді әрі бүгін Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай полиция таратқан ақпаратын жоққа шығарды. Алматы облысының полиция департаменті Қаржаубай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деп ақпарат таратқан болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– “Қаржаубай біреуге пышақ тақады” деген ақпарат өтірік. Неге? Себебі пышақты өзін қорғау үшін ғана ұстады. Ол “егер маған жақындасаңдар, мені осы жерден сүйретіп әкетіп, әділеттілікті айтқызбасаңдар, мен өзімнің қолымды кесем” деді. Сол үшін ғана ұстады. Ол ешкімге пышақ тақаған жоқ. Сермеген жоқ. Тек БАҚ өкілдерін күтіп, бүкіл шындықты жеткізуді ғана талап етті. Сондықтан, бұл істе Қаржаубай ағаның үстінен ешқандай іс қозғалмауы керек, – деді Дінмұхамет Қаматай БАҚ өкілдеріне.
Еске сала кетейік, Талғарда полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Құқық қорғау органдары оны ұстаған кезде “прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндірмелерін елеместен, өзін өте агрессивті ұстай бастады, айналасындағыларға қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Сондай-ақ, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндірді” деп ақпарат таратқан еді.
“ӨЛТІРСЕ ӨЛТІРСІН”
Талғарда бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
– Мен ешкімге арыз жазбаймын. Жазып-жазып болдым. Артымда інім бар ғой деп шыдадым. Өлтірсе мені өлтірсін. Соттаса соттасын. Мен енді ешкімді тыңдамаймын, – деген еді Қаржаубай Нұрымов.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
9 желтоқсан күні Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаев қайтыс болғаны туралы ақпарат шықты. Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта қорғауда болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.