Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы өткен аптада әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысты Юн Сок Ёл мен жеті шенеунікті тез арада қамауға алуды талап ететін қарар қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Yonhap ақпарат агенттігінің жазуынша, бұл қаулыға 190 адам дауыс берсе, 95 адам қарсы болып, үшеуі қалыс қалған.
Оңтүстік Кореяның парламенті өткен аптада әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты президент Юн Сок Ёлге қарсы арнайы тергеу жүргізуді талап ететін заң жобасын қабылдады.
Бұл ретте президент арнайы прокурорды тағайындау туралы қаулыға қарсы вето құқығын пайдалана алмайды, бірақ тағайындаудың өзін кейінге қалдыра алады, - деп түсіндіреді агенттік.
ТЫЙЫМ
Бұған дейін Юн Сок Ёлге саяхаттауға тыйым салынған болатын. Бұл тыйымды енгізу президентке қатысты тергеуге байланысты талап етілді.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореяның прокуратурасы президентке қарсы мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағып отыр. Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі де мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынды.
Сонымен қатар, Ұлттық жиналыс пленарлық отырыста Президентке импичмент жариялау туралы ұсынысқа дауыс салды. Биліктегі «Халықтық билік» партиясының (ХБП) үш заң шығарушысынан басқасы импичмент туралы ұсынысқа дауыс беруге бойкот жариялады.