Бұл туралы Шерзаттың отбасының адвокаттары айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Әкімшілік сот шешімімен Шерзаттың әкесі Қаржаубай бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамалған. Адвокаттары шешімге шағым түсіретінін айтты. Қаржаубайдың қарындасы Бақыт та 15 күнге жабылған. Оған митинге шақырды деген айып тағылған. Сондай-ақ ол ел азаматы болмауына байланысты Қазақстаннан депортацияланады.
Одан бөлек Қаржаубайдың тағы бір қарындасы Салтанатқа 20 АЕК айыппұл салынды. Жездесі Айғазыға байланысты сот бүгін таңертең өтеді.
Мұндай шешім кеше Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыповтың жерлеуінен кейінгі оқиғаларға байланысты шыққан.
ОҚИҒАЛАР ТІЗБЕГІ
Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап етіп, жолға шығып, наразылықтарын жеткізген.
Оқиға барасында полиция Қаржаубайды “қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді” деп сол жерде ұстап, Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына жеткізген.
“Азамат Н., прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндірмелерін елеместен, өзін өте агрессивті ұстай бастады, айналасындағыларға қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Сондай-ақ, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндірді. Азамат Н. жағдайына алаңдаған туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша оның өмірі мен айналасындағылардың өміріне зиян келтірмеу мақсатында полиция қызметкерлері оны ұстау үшін шаралар қабылдады” деп түсіндірген полиция Қаржаубайдың ұсталуын.
Алайда сол жерде болған белсенді Дінмұхамет Қаматай полиция таратқан ақпаратын жоққа шығарды.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
9 желтоқсан күні Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаев қайтыс болғаны туралы ақпарат шықты. Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта қорғауда болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.