Кальяри университетінің, Стэнфорд университетінің және басқа да ғылыми мекемелердің ғалымдары жүргізген эксперимент қызықты жаңалықты ашты: алкогольдің алдында кофе ішсеңіз ол ішімдіктің ләззатын азайтып, оған деген құштарлықты төмендетуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зерттеу нәтижелері кофеин мидың реакциясына қалай әсер ететінін көрсеткен.
Ғалымдар егеуқұйрықтармен тәжірибе жасап, оларды кофеин мен алкогольдің әсерін зерттеу үшін бірнеше топқа бөлген. Олардың бір тобы тек алкогольді, екіншісі кофеинді алкогольді, ал үшіншісі кофеинге әсер ететін рецепторларды блоктайтын препараттарды қабылдаған. Бақылау тобы тек суды пайдаланған.
– Егеуқұйрықтардың ми процестерін бақылау нәтижесі кофеиннің алкоголь тудыратын допаминдік шығарындыларды айтарлықтай төмендететінін көрсетті, бұл өз кезегінде оны ішуден алатын ләззатты азайтады, – дейді зерттеушілер.
Бір таңқаларлығы, кофеин алкогольге тәуелділікті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын химиялық зат – салсолинолдың пайда болуына жол бермейді. Нәтижесінде, алкогольге дейін кофе ішкендер алкогольден аз ләззат алды.
Сонымен қатар, эксперименттер кофеиннің 30 минуттық әсерінен кейін мидағы допаминдік нейрондардың стимуляциясы төмендегенін және алкогольден ләззат алуды күту азырақ байқалатынын көрсетті. Бір қызығы, алкогольді ішпеген егеуқұйрықтарда кофеиннің төмен дозалары ми аймағында допаминнің бөлінуіне тосқауыл қойды.