Қазақ тілін үйретумен 30 жылдан бері айналысып жүрген оқытушы Гүлмира Әбілмәжінқызы тіл меңгерудегі жылдар бойы жинаған тәжірибесінің негізінде бірқатар заңдылықтарды түсінгенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОД
Оқытушы Время газетіне берген сұхбатында 1994 жылдан бастап қазақ тілін шетелдіктерге үйрете бастағанын атап өтті. Олардың арасында Қазақстандағы БҰҰ және Еуроодақ өкілдері, ірі компаниялардың жетекшілері де болған. Бұл компаниялар оқытушылар арасында байқау жариялап, түрлі мамандарды шақыратын. Солардың арасынан әрқашан Гүлмира Әбілмәжінқызы табылып жүрген.
«Байқауда комиссия мүшелері: «Сабақты қалай өткізесіз? Білімді қалай жеткізесіз?» – деп сұрайтын. Қазақ тілінің ерекшеліктерін түсіндіріп, өзімнің артистік қабілетімді көрсететінмін. Бірақ ең маңыздысы – мен әрдайым қазақ тілінде, кез келген басқа тіл сияқты, ерекше генетикалық код бар екенін сенімді түрде айтатынмын. Егер оны түсініп, логикасын ұқсаңыз, тілді меңгеру оңай болады. Бұл ойымды оқушыларымның сұрақтарына жауап беру барысында түйіндедім» дейді ол.
Оқытушы 40 сабақтан кейін қазақ тілін көп-көрім меңгерген оқушысы туралы айтып берді.
«Томас Дворжек есімді мұнай компаниясының президенті менімен 40 сабақ оқыды. Ол Қызылордаға іссапармен жиі барып тұратын. Бірде ол маған: «Гүлмира, мен сіз үшін не істей аламын?» деп жазып жіберді. Өзі танымайтын ортада қазақ тілінде еркін сөйлеп, тыңдап түсіне алатындығына көзі жетіпті. Сөйтіп, ол маған: «Келіңіз, бірге оқулық шығарайық», – деді. Осылайша, 2005 жылы алғашқы оқулығым жарық көрді. Оған отандық филологтар жақсы баға берді» дейді ұстаз.
САБАҚТЫҢ СЫРЫ
Гүлмира Әбілмәжінқызы сабақтарының сырын бөлісіп, халық болып қазақша үйреніп кетуге ұанша жыл кетенін топшылады.
«Көбіне оқушыларым қазақ тілінің логикасын түсінуге үйретемін. Мысалы, қазақтар сөйлегенде ойды тура емес, жанама түрде жеткізеді. Оқушыларға осындай ерекшеліктерді түсіндіріп, мысалдар арқылы көрсетемін.
Алдағы бес-жеті жылда мемлекеттік тілге деген көзқарас түбегейлі өзгереді деп сенемін. Біздің өскелең ұрпақ өте патриоттық сезімге бай, бұл – үлкен жетістіктің кепілі» дейді оқытушы.