×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Футбол «жыры» мен Черчесовтың құпия айлығы. Мәселе Бектеновке жетті. Ол не дейді

Бүгін, 13:11
Футбол «жыры» мен Черчесовтың құпия айлығы. Мәселе Бектеновке жетті. Ол не дейді
Ulysmedia коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов футбол туралы арнайы заң қабылдау ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ФУТБОЛДАҒЫ ПРОБЛЕМАЛАР

Бұған дейін сенатор Дархан Қыдырәлі футболдағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін футбол туралы арнайы заң қабылдауды ұсынған еді. Оның айтуынша, Қазақстанда 30 жылда 2 стадион ғана салынған. Соның екеуі де небәрі бір ойыннан кейін жарамай, жабылған «Түркістан арена» да, «Астана Арена» да қайта күрделі жөндеуден өткен. Қалған стадиондар ескі, көбі УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді. 

– Ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Федерация мұны кімнен жасырады? Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлерге шектеу, лимит деген жоқ, кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді. Әйтсе де, санның сапаға әсері шамалы. Сондықтан оларды ФИФА рейтингіндегі ТОП 30 елдің ішінен таңдаған жөн деп ойлаймыз, – деген еді Қыдырәлі.

Сенатор сонымен бірге балалар футболын қолдау мәселесінде шешілмеген жайттар көп екенін айтқан еді. Ауылдарда футбол мектептері тұрмақ, мини-футбол алаңдары жоқ екенін де атап өткен.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Сенатордың ұсынысына жауап берген Олжас Бектенов Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекіткенін еске салады. Стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған.

– Спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі көрсетілген мәселелерге қатысты жұмыстар жүргізілуде. Министрлік республика бойынша барлық спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылуда. Елімізде 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарланып отыр. Осылайша, барлық стадиондарды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіледі, – дейді Бектенов.

Премьер-министр футбол саласындағы құқық бұзушылық мәселелеріне Бас прокуратура жауап беретінін хабарлайды. Бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметтің жіті назарында дейді. Футбол туралы арнайы заң қабылдау ұсынысы туралы жауапта ештеңе жазылмаған.