Трамптан шақырту алған Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин америкалық әріптесінің ұлықтау салтанатына қатыспауы әбден мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы CBS телекомпаниясы америкалық дереккөздерден хабардар болды.
ҚЫТАЙ БИЛІГІ КІМДІ ЖІБЕРЕДІ
ВВС-дің АҚШ-тағы серіктесі CBS-тің екі анонимді дереккөзінің хабарлауынша, президент Трамптың инаугурациясына Вашингтондағы Қытай елшісі қатысады және оған Қытай басшысы емес, Бейжің шенеуніктерінің бірі қосылуы мүмкін.
КҮТПЕГЕН ШАҚЫРТУ
CBS алғаш рет хабарлаған Трамптың Си Цзиньпинді шақыру туралы шешімі күтпеген қадам болды. Себебі шетелдік көшбасшылар ешқашан АҚШ президентінің инаугурациясына қатысқан емес.
Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Fox News арнасында: «Бұл президент Трамптың одақтастарымыз ғана емес, сонымен қатар бәсекелес және қарсыластарымыздың көшбасшыларымен ашық диалог құруының мысалы», деді.
Кезінде Дональд Трамп Қытайды қатты сынай отырып, Си Цзиньпинді де тілімен түйреп қалғаны бар еді.
«Ол 1,4 миллиард адамды темір жұдырықпен басқарады. Айтайын дегенім, ол сіздерге ұнаса да, ұнамаса да керемет адам», – деді Трамп қазан айында Джо Роганның подкастында.
Қытаймен қарым-қатынасқа келетін болсақ, Трамп билікке кіріскеннен кейін Қытай тауарларына салынатын импорттық баж салығын күрт көтеруге бекініп отыр.