×
524.66
550.21
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.66
550.21
5.09

“Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі”. Серікболсын Әбділдин туралы деректі фильм премьерасы өтті

“Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі”. Серікболсын Әбділдин туралы деректі фильм премьерасы өтті
Коллаж Ulysmedia.kz

Алматыда журналист, жазушы Қанат Тілеуханның саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдин туралы “Төраға Әбділдин” деген деректі фильмінің премьерасы болып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фильм авторы бұған дейін өзінің айналасындағы шығармашылық топ бірнеше деректі фильм түсіргенін, көпшіліктің бұл жанрға деген пейіл, ықыласынан кейін жылына бір фильмді көпшілікке ұсынуды дәстүрге айналдыруды ойлағанын айтады.

– Биыл міне “Төраға Әбділдин” фильмі көпшілікке жол тартып отыр. Біз алғаш фейсбукке жазған кезде негізгі аты “Бірінші Төраға” болатын. Кейін осы “бірінші”, “тұңғыш” деген нәрсені адамдардың жарысуы, алдыға шығуы, ол кісінің оппонентті (Н.Назарбаев - ред) айтқандай, “бірінші мен жасадым” деген сияқты мағынамен байланыстырмайық деп шештік. Ол кісі мемлекет басшысы ретінде де функцияларды атқарған, біз архивтік материалдардан ол кісіге “Мемлекет басшысы” деп қайырылып сөйлегенін де көрдік. Серікболсын Әбділдин үкімет басында да, кейін демократиялық күштер, оппозицияның қатарында, халықтың ортасында да төраға болды. Фильм редакторы Бағашар (Тұрсынбайұлы - ред) газеттерді ақтарып отырғанда қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаев “Құрметті елбасы, ардақты төрбасы” деп қайырылғанын тапты, – деді журналист фильнің бұлай аталғанын түсіндіріп.

Бір сағаттық деректі фильм саясаткердің ауылының әсем көрінісінен, немересінің, замандастарының естіліктерімен басталып, тәуелсіздіктен бергі оқиғаларды қамтиды. Әр жылдары берген сұхбаттарынан, түрлі жиналыс-кездесулерде айтқарынан үзінділер келтіріліп, сол кезеңнің оқиғалары баян етіледі.

Саясаттағы серігі Ғазиз Алдамжаров, бұрынғы жоғарғы кеңес, парламент депутаты Серік Әбдірахманов, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров, сол кездері қос облысты басқарған Ғалымжан Жақиянов, қазіргі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи, саясаткерден бірнеше рет сұхбат алған журналист Асылхан Мамашұлының естеліктері Серікболсын Әбділдиннің мемлекетті құрудағы үлесін, оны демократиялық жолға бағыттауға деген ұмтылысын, ұлттық мүдделерді табандап қорғауын, ұстанымын, сол жолдағы қажырлы еңбегін әңгімелейді. Тәуелсіздік жариялау, алғашқы конституцияны қабылдау, оған қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізу, төл теңгені шығару, президент сайлауына қатысу, “Қазақ гейт” жанжалы сияқты маңызды оқиғалардағы Серікболсын Әбділдиннің маңызды рөлі туралы айтылады.

Фильм авторы қоғам арасында Серікболсын Әбділдин туралы тек оппозиционер және коммунист деген стереотип барын, оны бүкіл өмірі Нұрсұлтан Назарбаевты сынаумен өтіп кеткен адам сияқты қабылдайтындар кездесетінін атап өтіп, фильм арқылы соны бұзғызы келгенін жеткізді.

– Қолымыздан келгенше айтайын дегеніміз, ол кісі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі. Еліміздің дамуы үшін еңбек еткен адамның және ең алдыңғы топтағы адамның бірі де бірегейі. Тәуелсіз Қазақстанға демократиялық құндылықтардың, институттардың қажет екенін айтқан Серікболсын Әбділдаұлы болатын. Серікболсын Әбділдаұлы мемлекетті құрайтын, мемлекетті қалыптастыратын, мемлекеттің құрылысшысы болған тұлға еді, – дейді ол.

Деректі фильмді тұсаукесерге жиналғандар жылы қабылдады. Саясаткердің қызы Гауһар көзіне жас алып, шығарашылық ұжымға алғыс білдірді. Журналист Асылхан Мамашұлы саяси портрет сәтті шыққанын айтса, режисссер, сценарист Қалдыгүл Жаныбаева деректі фильм көңілінің төрінен орын тапқанын жеткізді.

– Өте ұнады. Ең ұнағаны деректі фильмді жасаған адамның көзқарасы. Ең бірінші айтарым құжаттармен өте жақсы толықтырылған. Екіншіден, Серікболсын ағамыздың образы, кемеңгер саясатшы, мемлекет басшысы ретіндегі тұлғасы толық ашылған. Бұл 90 жылдығы қарсаңында біз үшін үлкен олжа. Мұндай кісілердің тұлғасы заман өткен сайын биіктей береді. Секең, дәл қазіргі кезге өте керек тұлға. Сөзін тыңдайтын тұлға. Әсіресе ең соңында айтатын “ел мен биліктің бірлігі болмай, біз ел болмаймыз” деген сөзі дәл бүгінгі таңда қажет сөздер. Бұл бүгін де керек, кеше де керек еді, ертең де керек. Мұндай тұлғалар біздің қазіргі қалыптасу дәуірімізде қанша болса да артық емес, – дейді режиссер.

Фильм авторы деректі фильмді көрсетуге әзірге ешқандай телеарна қызығушылық танытпағанын айтып, осындай премьераны енді Астанада жоспарлап отырғанын екенін жеткізді. Одан кейін фильм Youtube желісіне жүктеліп, көпшілікке ұсынылмақ.