Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша екі үлкен жоба биыл жалғасады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұл жайлы үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
– Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (2018/415 мың га) құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018 – 2024 жылдар аралығында резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде, – деді ол.
Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болмақ.