Желтоқсанның 21-іне қараған түні Йеменнен атылған зымыран Тель-Авивтегі саябаққа түсіп, 16 адам, оның ішінде үш жасар қыз зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Израиль армиясының мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі снарядты ұстай алмаған.
Зымыран саябаққа құлап, артында шұңқыр пайда болған. Медициналық қызметтің мәліметінше, зардап шеккендердің көпшілігі жеңіл жарақат алған, кейбірі бас сауғалап қашқан сәтте жарақаттанған.
Times of Israel газеті эвакуация кезінде 14 адам жараланғанын хабарлады.
Бұған дейінгі шабуылға жауап ретінде Израиль армиясы 19 желтоқсанға қараған түні Йеменге жаппай әуе шабуылдарын жасаған. Көздеген нысаналар ел астанасы Санадағы порттар мен энергетикалық инфрақұрылым болғаны хабарланды.
Йемен ішінде әрекет етіп жатқан хуситтер Тель-Авив аймағындағы әскери нысандарға соққы беру үшін екі гипер дыбысты баллистикалық зымыран қолданғанын айтты.