Сәтбаев қалалық сотында Қылмыстық кодекстің жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастыратын 147-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, бұрынғы ғашығын кез келген жолмен ренжітуге деген әрекеті оны еркіндігінен айырып отыр.
«Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 21 тамызда сағат 00:32 шамасында сотталушы «С» өзінің бұрынғы 2002 жылы туған «Т» есімді ғашығын масқара еткісі келіп, TELEGRAM мобильді қосымшасында «Б» атты топ құрған. Ол осы топқа 12 адамды, оның ішінде жәбірленушінің таныстарын, туыстарын және достарын қосып, оның беліне дейін жалаңаш болған екі фотосуретін, сондай-ақ жеке хат-хабарлары мен құпия мәліметтерін жариялады. Сонымен қатар сотталушы «С» TIK-TOK әлеуметтік желісінде @g аккаунтын ашып, онда жәбірленушінің фотосуреттері мен бейнежазбасын қоса жариялаған. Сотталушы осы әрекеттері арқылы ҚР Қылмыстық кодексінің 5 тармағы, 147-бабында көзделген жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке деректерді қорғау туралы заңдарды бұзған», деп хабарлады баспасөз қызметі.
Хабарланғандай, сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінді.
«Оның кінәсі жинақталған және зерттелген айғақтармен дәлелденіп, сот кінәсін мойындап, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сотталушыға жазасын өтеу үшін үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы сот залынан күзетпен әкетілді», - деп толықтырды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және сотталушының апелляциялық шағым түсіруге уақыты бар.