Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропа одағының Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичпен кездескен. Кездесу барысында визалық режимін жеңілдету туралы келісім жөнінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЗДЕСУ ЖАЙЛЫ
Сұхбат барысында тараптар өткен жылғы екіжақты ынтымақтастық дамуының оң қарқынын атап өтіп, жоғары деңгейдегі бірқатар және тұрақты байланыстарды, сондай-ақ тауар айналымы мен инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай өскенін құптаған. Сұхбаттасушылар қазақ-еуропалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша «сағаттарды теңестіріп», келесі жылға арналған іс-шаралар кестесін жан-жақты талқылаған.
Министрдің орынбасары ҚР мен ЕО және оған мүше мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі толық және тиімді іске асырудың, сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңызын атап өткен. Сұхбаттасушылар көлік-логистика, маңызды шикізат, климат және жасыл энергетика секілді әлеуетті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ерекше назар аударған.
– Атап айтқанда, тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы, соның ішінде орта дәлізді үйлестіру платформасын іске қосудағы жетістіктерді құптады. Маңызды пайдалы қазбалар саласындағы 2025-2026 жылдарға арналған стратегиялық әріптестіктің Жол картасына қол қою ниеті оң бағаланды. Сонымен қатар, Р. Василенко Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келісімге қатысты Астана мен Брюссель арасындағы келіссөздерді жақын арада бастаудың екі тарапқа да өзара маңызын атап өтті. Бұл ретте, іскерлік топтар мен елдеріміздің азаматтары арасындағы байланысты нығайтуға арналған ҚР-ЕО авиация туралы келісімнің маңызы аталып өтті. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, Өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастықты арттыруға келісті, – делінген СІМ хабарламасында.
ЕУРОПА ОДАҒЫ
Еуропа одағы Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Биыл қаңтар-қазан аралығында тауар айналымы 41,2 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артқан (ҚР-дан экспорт – 32,6 млрд АҚШ доллар, ҚР-на импорт – 8,6 млрд АҚШ доллар). 2023 жылы тауар айналымы 3,5%-ға өсіп, 41,4 млрд АҚШ доллар құраған.
2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына еуропалық инвестицияның көлемі 180 млрд АҚШ доллар құрады. Қазақстанда еуропалық қатысуымен 3000-нан астам компания қызмет етеді.