Ulysmedia.kz тілшісі жыл қорытындысы бойынша мәжіліс депутаты Ринат Зайытовқа бірер сұрақ қойды.
ҮКІМЕТПЕН ЖҰМЫС – ТАСБАҚА ЖҮРІС
– Жыл қорытындысы бойынша не дейсіз? Өзіңіз көздеген жоспар орындалды ма? Үкіметпен қалай жұмыс істедіңіздер?
– Орындалғаны да бар, орындалмағаны да бар. Мысалы, енді өткенде бір жылдан астам уақыт бойы ҰБТ тесті бойынша бізде көп келіспеушілік болды ғой. Өткенде жауап алдық, 2025 жылы қайтадан барлығы тестілеу орталығына қайту керек деген. Ол да болса жетістік. Сондай-сондай тасбақа жүрістер бар.
– Үкіметпен жұмысты тасбақа жүріс деп бағалайсыз ба?
– Иә, негізінде солай бағалаймын. Басқа әріптестерімнің жұмысына баға беруден жоқпын. Өзіміздің жұмысқа келгенде…
– Сіз Парламентте келгелі бір жарым жылдан асты. Депутаттық тетіктің құзіретін қалай сезіндіңіз? Бар ма екен?
– Бар, бірақ толық пайдаланып жатырмыз деп айта алмаймын.
– Не себепті? Оған не кедергі?
– Оған кедергі болатыны – бұл жерде біз жалғыз емеспіз. Фракцияның ұстанымы болады. Мәжілісте бір заң өткізесің, бір заңның ішінде сенің позицияң, берген ұсыныстарың бар, әріптестеріңнің ұстанымы бар. Әріптестеріңнің кейбір ұсыныстары саған ұнамауы мүмкін. Немесе үкіметтікі. Бірақ өзіңнің “осы халыққа пайдасы тиеді” деген ұсыныс өткенде қолдайсың. Сондай ұстанымдар болады.
– Сізді және сіздің әріптестеріңізді жалпы популизмге көп барады деп айтады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен онымен келіспеймін. Өйткен популистік ұстаным маған қажет емес. Менің танымал болғаныма 20 жылдан асып кетті.
– Ең төменгі айлық 300 мың теңге болсын деген популизм емес пе?
– Маған “қанша болу керек?” деген сұрақ қойылды. Менің тарапымнан “кемі сонша болу керек” деген жауап болды. Әлі де сол ұстанымдамын. Қымбатшылықты, бәрін ескере отырып, айлық жайлы айтқаным. Үкімет есеп бергенде өтірікті ұрып жібереді ғой. 800 мың теңге айлық алып жатыр деп… Сондықтан, оны популизм үшін айттым деп ойламаймын.
300 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖАЙЛЫ
Мәжілісте былтыр бюджет талқыланған кезде Ринат Зайытов “ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек” деп мәлімдеген еді. Оның бұл сөзі қоғамда көп талқыланған. Бірі “депутаттың айтқаны дұрыс” десе, екіншісі “кәсіби пікір емес, популизм” деп атаған. Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Ринат Зайытовтың ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге көтеру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірген. Ол шағын және орта кәсібі бар кәсіпкерлерге ең төменгі айлық – 300 мың теңге төлеу өте ауыр екенін айтады.