Қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сотталған вайнер Мейіржан Төребаев сотқа жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Вайнердің өтінішін Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты қараған.
Сот хабарламасына сай, ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қас көйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін.
Вайнерге азаматтық талап бойынша жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары түрінде 8 060 602 теңгені өтеу міндеттелген.
БАС ТАРТУ
Сот талқылауы барысында сотталғандарға жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын зиянның өтелмегені анықталды.
“Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Төребаевтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды” делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мейіржан Төребаев Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылған.