Gallup жүргізген сауалнамалар Украина соғысын тезірек аяқтау үшін Киев кейбір территорияларынан бас тартуын қабылдауға дайын американдықтардың рекордтық санын тіркеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПІКІР ҚАҚ БӨЛІНДІ
Америкалықтардың пікірлері екіге бөлінді: бір бөлігі АҚШ Украинаға Ресеймен соғыста жоғалтқан жерлерін қайтаруға көмектесуі керек деп санаса, екіншісі қақтығысты тезірек аяқтау үшін шара қолдануды ұсынады, тіпті бұл Киевтің аумақтық шығындарына алып келсе де. Бұл туралы 2024 жылдың желтоқсан айының алғашқы жартысында Gallup жүргізген сауалнаманың нәтижелері көрсетіп отыр. Сауалнамаға АҚШ-тың шамамен 2 мың кәмелетке толған азаматы қатысты, деп жазады Голос Америки басылымы.
Мұндай жағдай Gallup сауалнамаларында алғаш рет байқалып отыр. Ресейдің 2022 жылғы ақпандағы толық ауқымды басып кіруінен бастап, Украинаның аумақтық тұтастығын толық қалпына келтіру үшін соғысты жалғастыруды қолдайтындардың саны басым болатын. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың тамызында респонденттердің үштен екісі Украинаның барлық аумақтарын қайтарып алу үшін соғысты жалғастыруды қолдаған, ал үштен бірі соғысты тезірек аяқтауды қолдаған.
Қақтығысты тезірек аяқтауға деген ниет екі негізгі америкалық партияның жақтастары арасында да байқалады, бірақ әртүрлі дәрежеде. Биылғы наурызда жүргізілген соңғы сауалнамадан бері Киевтің аумақтық шығындарына қарамастан, соғысты тезірек аяқтауды қолдайтын республикашылдардың үлесі 20%-ға өсіп, 54%-дан 74%-ға жеткен. Демократтар арасында бұл көрсеткіш 9%-ды құраған.
КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕР
Gallup сондай-ақ Киевке көмек көрсетуге қатысты америкалықтар арасында келіспеушіліктер бар екенін атап өтті. Сауалнамаға қатысушылардың 37%-ы АҚШ Украинаға қолдау көрсетуге «тым көп» күш жұмсап жатыр деп есептесе, 30%-ы керісінше, көмек жеткіліксіз екенін айтады.
Бұл мәселеде пікір айырмашылығы партиялық бөліністерге байланысты анық байқалады: демократтардың жартысына жуығы (48%) «көмек жеткіліксіз» деп жауап берсе, республикашылдардың тек 12%-ы осылай жауап берген. Республикалық партия жақтаушыларының 67%-ы көмектің «тым көп» екенін айтса, демократтар арасында бұл көрсеткіш небәрі 11%.
Сауалнамаға қатысқан америкалықтардың 68%-ы қазіргі уақытта не Ресей, не Украина соғыста жеңіп жатқан жоқ деп есептейді. Бұл пікір республикашылдар мен демократтар арасында да ортақ. Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан бері бұл көзқарас өзгеріп отырған: мысалы, 2023 жылдың маусымында америкалықтардың 30%-ы соғыста Украина жеңеді деп сенген (ал Ресейдің жеңісіне тек 12%-ы сенген).
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда көрші әрі бауырлас мемлекет – Украинаға басып кірген. Президент Владимир Путин кейінгі кезге дейін басқыншылықты “арнайы операция” деп атап, ондағы мақсаты орыс тілді азаматтардың құқығын қорғау екенін айтудан танбады. Түрлі сарапшылар шын мәнінде Путинге Украинаның өркениетті Еуропаға қарай бой түзеп, Еуро Одаққа, НАТО-ға қосылуды жоспарлау арқылы өзінің ықпалынан сусып бара жатқаны ұнамағанын айтады.
ПУТИННІҢ МАҚСАТЫ
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің басты мақсаты – Донецк пен Луганск облыстарынан тұратын Донбасты толығымен басып алу және Украинаның Курск облысындағы әскерлерін ығыстыру екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Путиннің Украина бойынша “бейбіт” жоспары елді үш бөлікке бөліп, оккупацияны жалғастыруды көздейтіні хабарланған.