Украина Ресей Федерациясымен қақтығысты тез арада тоқтатуға және елдің НАТО-ға кіруі айқын болғаннан кейін оның аумақтарының бір бөлігін дипломатиялық жолмен қайтаруға тырысып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл туралы Kyodo News агенттігіне берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский мәлім етті.
Зеленский Украинаға әріптестерінің қолдауы «жеткіліксіз» екенін айтып, НАТО-ны Киевті тезірек әскери-саяси блокқа мүшелік туралы келіссөздерді бастауға шақырды.
Украина басшысы Ресейдің бақылауына өткен кейбір аумақтарды, соның ішінде 2014 жылы аннексиялап алған Қырымды күшпен қайтару қиын болатынын, Киев мәселені шешудің дипломатиялық жолдарын іздеуі керек екенін мойындады.
«Біздің әскердің бұған күші жетпейді. Бұл ақиқат. Біз шынымен де дипломатиялық шешімдер іздеуіміз керек», - деді Зеленский.
Президент қақтығыстың «қиын кезеңге» енгеніне назар аударып, Киевтің бірқатар шарттарды қабылдаған кезде Ресей Федерациясымен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін атап өтті.
Зеленский сондай-ақ «Солтүстік Корея сарбаздарын Ресей армиясының дайындауы Азияда үлкен әсер ететінін» атап өтті.
Оның айтуынша, Трамп пен оның командасы Украинаның ұстанымын біледі және Украина басшысы бұрын ұсынған «жеңіс жоспарын» зерттеп жатыр.
«Олар жоспарды зерттеп жатыр, біз олардың пікірін тыңдауға дайынбыз. Бірақ Украина тарапынан капитуляция болмайды. Бұл факт, мен оны түсінеді деп ойлаймын», - деп қосты Мемлекет басшысы.