Талғарда кісі қолынан қаза болған марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реймова халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Мені де түсініңіздер. Екі бауырымнан айырылып отырған маған да оңай емес. Сол күні ашу үстінде болдым. Біреу мені қорқытып, айтқызып жатыр деп ойламаңыздар. Мен де өз қатемді білем. Қазақ еліне басымды ием, рақмет айтам! Қаншама пікірді жылап тұрып оқыдым. Елден кетпес үшін мен үшін дұға жасап жатқандар бар екен. Рақмет! Алла разы болсын. Отбасыларыңыз аман болсын, – деді желіде тараған видеода Бақыт Реимова.
Бақыт Реимованы полиция ағасы Қаржаубай Нұрымовпен қатар 15 тәулікке қамаған. Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.
Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.