Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде Даниядан тәуелсіз болу керегін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Эгеде Гренландияның «отаршылдық дәуірдің құрсауынан» босап, өз болашағын дербес қалыптастыруы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, Даниямен ынтымақтастық тең құқылы қарым-қатынастарды орнатқан жоқ, ал Дания конституциясына тәуелділік прогреске кедергі келтіріп отыр.
— Бізге кіммен ынтымақтастық орнататынымызды және қандай сауда қатынастарын дамытатынымызды өзіміз шешетін уақыт келді, — деді ол.
Сонымен қатар, елдің премьер-министрі Гренландия парламенті мен үкіметі тәуелсіздіктің негізі болатын өз конституциясын әзірлеумен айналысып жатқанын айтты. Эгеде 2009 жылы қабылданған өзін-өзі басқару туралы заң Гренландияға тәуелсіздік туралы референдум өткізуге құқықтық негіз беретінін еске салды. Оның айтуынша, конституция жобасы дайындалып қойған, ал Гренландияның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Гренландия — әлемдегі ең үлкен арал, оның аумағы 2,1 млн шаршы шақырым, алайда халқы небәрі 56 мың адам. Тарихи тұрғыдан Гренландия XVIII ғасырдан бері Данияның отары болып келген, ал 1979 жылы автономия мәртебесіне ие болды. 2009 жылы автономия кеңейтіліп, Гренландияға болашақта тәуелсіз мемлекет болу мүмкіндігі берілді.
РЕФЕРЕНДУМ
Тәуелсіздікті жақтайтын Inuit Ataqatigiit партиясының көшбасшысы Эгеде сәуір айында өтетін парламенттік сайлаумен қатар референдум өткізу мүмкіндігін меңзеді. Алайда Гренландия жыл сайын Даниядан 500 млн еуро көлемінде субсидия алатынын және оның ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн.
Эгеде Гренландияның тәуелсіз мемлекет ретінде болашағын анықтайтын келесі қадамға дайын екеніне сенімді.
АҚШ ҰСЫНЫСЫ
Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік пен жаһандық еркіндікті қамтамасыз ету мақсатында Гренландияға иелік етуі керектігін мәлімдеген болатын. Бұл оның аралды сатып алу мәселесін алғаш көтеруі емес. 2019 жылы Дания бұл ұсынысты абсурд деп атап, қабылдаудан бас тартқан.
Сол кезде Эгеде Гренландияның халықаралық ынтымақтастыққа және әсіресе көрші елдермен сауда байланыстарын дамытуға ашық екенін, бірақ бақылау құқығы арал тұрғындарының өзінде қалатынын атап өтті.
Осыған байланысты Дания үкіметі аралдағы қорғаныс шығындарын едәуір арттыру туралы шешім қабылдады.